Павлодар облысында тұрғындарға құны 2,7 млрд теңге болатын жер қайтарылды

Барлығы 3 мың гектардан астам аумақ мемлекет меншігіне берілді.  

Павлодар облысында тұрғындарға құны 2,7 млрд теңге болатын жер қайтарылды Фото: Константин Шелков

Өңірдегі кейбір ауыл тұрғындары жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығына шағымданып, бірқатар шағым түсірген еді. Оларды негізге алған прокурорлар арнайы тексеріс жұмыстарын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Нәтижесінде облыс аумағында 70 мың гектардан астам жерге қатысты заңсыздықтардың беті ашылды. Атап айтқанда, бұл аумақтың кей бөлігі бизнес өкілдеріне заң нормаларын сақтамай берілсе, енді бірде әу баста көрсетілген мақсатынан тыс пайдаланып келген. Мәселен, шаруашылықтардың бірі соңғы төрт жыл бойы 11,5 мың гектар жайылым жерді мүлде кәдеге жаратпаған. Бүгінде жер ресурстарын басқару басқармасы пайдаланылмаған учаскені кері қайтарып алу бойынша жұмысты бастады. 

Ал Аққулы ауданында елді мекендердің жұртшылығы пайдаланылуы үшін қарастырылған 3 мың гектардан астам аумақ бір ғана адамға берілгені белгілі болды. Прокуратура акты бойынша аталған учаске мемлекет меншігіне қайтарылатын болды. Оның кадастрлық құны 2,7 млрд теңгені құрайды. Енді бұл жерді ауданның 9 бірдей ауылы азаматтары емін-еркін қолдана алады. Өткен жылдың жазында прокурорлар дәл осы аудандағы тағы 4 мың гектардан астам жерді мемлекетке қайтарған болатын. 

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл жолғы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жердің үштен бір бөлігі құжатта көрсетілген мақсатына сай пайдаланылатын болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу