Павлодар облысында қыркүйек айында-ақ суық түсіп, тұрғындар үйде от жаға бастады. Бұл уақыттан бері, өкінішке қарай, 40-қа жуық төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Баспаналарды қызыл жалын шарпуының себебі әр түрлі: бірде пеш пен түтін мұржасының дұрыс болмауы, енді бірде электр желісіне жүктеменің тым көп түсіп кеткен. Қолдан жасалған жылытқыш құралдары да үйлерді отқа орады.
Жалпы, жылыту кезеңі басталған уақыттан бері өңірде 37 өрт жағдайы тіркелген. Былтыр осы кезеңде 94 оқыс оқиға орын алған еді. Тілсіз жау жаулаған жағдай саны аз болғанымен, оның соңы әлі де адам қазасына ұласып жатыр.
"Өрт санының азайғанына қарамастан, қызыл жалын адам өмірін жалмап жатыр. Бұл кезеңде жеті адам қайтыс болып, бес адам жарақат алып, ұзақ уақыт емделуге тура келді. Өрттің көп жағдайда ескі, өткен ғасырдың 60-70інші жылдары салынған үйлерде шығатыны байқалады. Мұндай баспаналардың құрылымы әбден тозып, электр желілері де, пеші де ескірген", – дейді Павлодар облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары Берік Омаров.
Айталық, бүгін ғана Ақсу қаласына қарасты Беловка ауылындағы үйден алты адам құтқарылды. Оның бесеуі – бала. Абырой болғанда, 101 пультіне хабар түсе сала өрт сөндірушілер оқиға орнына тез арада жетіп, екі пәтерлі үйдің шатырын жалмаған қызыл жалынды өшірді.
Төтенше жағдай мамандары өткен жылдың тамыз айынан бастап аула-ауланы аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, осындай оқиғалар әлі де бар. Сондықтан жылыту құралдарын қараусыз қалдырмауды, түтін мұржасын уақытылы тазалауды, пешті тексеруді, бастысы балаларды бақылаусыз қалдырмауды сұрайды.