Павлодар облысындағы газ құю станцияларының жартысына жуығы ережелерді елемей келген

Мұны төтенше жағдай мамандары анықтады.  

Павлодар облысындағы газ құю станцияларының жартысына жуығы ережелерді елемей келген Фото: burobiz.ru

Бүгінде кей көлік иелері жанар-жағармай қаржысын үнемдеу үшін автомобильдерге газ қондырғыларын орнатуға көшті. Сәйкесінше, мұндай станциялардың қатары көбейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бірақ барлығы бірдей ережеге сай жұмыс істейді деп айту қиын. Мәселен, Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өткен жылы өңірдегі 94 газ құю станциясының 32-сі талапқа сай емес екенін анықтап, олардың жұмысын уақытша тоқтатты. 

"Олардың барлығы дерлік станцияны орнату ережелерін орындамаған болып шықты. Бұл ретте басты талап – қауіпсіз арақашықтың сақталуы. Яғни, құрылыс нормаларына сәйкес, көліктерге отын құятын бекеттер қоғамдық ғимараттардан кем дегенде 50 метр, жолдан 10 метр қашықтықта қойылуы тиіс. Алайда басым бөлігі оны ескермеген болып шықты. Сондықтан олардың қызметін тоқтатуға тура келді", – дейді Павлодар облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мақсат Жұмабеков. 

Ал олқылықтардың орны толтырылып, кемшіліктер түзетілген соң газ құю станциялары жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл ретте Мақсат Жұмабеков Мәжіліс жаңа заң жобасын қарастырып жатқанын атап өтті. Соған сәйкес, 2031 жылға дейін Қазақстандағы барлық газ станциялары жер асты болуы керек. Сол арқылы қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік туады. 

Жалпы, Павлодар облысындағы 178 өнеркәсіптік кәсіпорын төтенше жағдайлар департаментінің бақылауына алынған. Олардың құрамында 12 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысан бар. Өткен жылы бұл нысандарда өндірістік қауіпсіздік бойынша 1676 заң бұзушылық анықталды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу