Өңірде күрт күн жылынып, еріген қар суы үш бағыттағы жолдан асып жатыр. Тіпті, бір жол учаскесінде топырақ опырылып түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысының су тасқынына қарсы штабының мәліметінше, автокөлік жолдарының үш учаскесін су басты. Біріншісі – Баянауыл ауданындағы Жаңажол – Ескелді бағытындағы жолдың бөлігі болса, екіншісі осы аудандағы Көкдомбақ ауылына кіреберіс жол. Ал Ақтоғай ауданындағы Жолболды – Шұға автожолының учаскесінде жол топырағының бір бөлігі құлады. Бұл учаскеде полиция мен жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Тұрғындар үшін өткелдер мен балама жол бар.
Қардың қарқынды еруіне және дала алқабынан қарғын судың келуіне байланысты Успен ауданының Белоусовка ауылында да жедел алдын алу шаралары жүргізілді. Жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғау күштерінің өкілдері бірлесіп жер үйіндісі тұрғызылып, бұру арнасы қазып, қапшықтар төсеп, инертті материалдар дайындалды. Дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл қарғын судан қорғалды.
Жалпы, азаматтық қорғау күштері мен құралдары кез келген төтенше жағдайға сақадай сай екенін мәлімдеді. Өңірде 1800 адамнан, 975 арнайы және инженерлік техникадан, 357 су айдайтын және 21 жүзу құралынан тұратын топ құрылды.