Павлодар облысының әкімі Екібастұздағы қалған жеке үйлерді үш күннің ішінде жылуға қосуды тапсырды

472

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Екібастұз қаласының жеке секторындағы апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысып, жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.  

Павлодар облысының әкімі Екібастұздағы қалған жеке үйлерді үш күннің ішінде жылуға қосуды тапсырды Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде 24 жеке меншік үйге жылу берілді. Қалған 29 үйді жылуға қосу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, желідегі де, үйлердің ішіндегі де жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Көп қабатты үйлердің бәріне жылу берілді.

"Тұрғын үйлерге беріліп жатқан жылу режимдерінде ауытқу болғандықтан, қазір жылумен қамтуды реттеу жүріп жатыр", - деп атап өтті Аян Бейсекин.

Облыс әкімі қалған үйлерді жылуға қосу жұмыстарын үш күннің ішінде аяқтауды тапсырды.

"ОАЭК" АҚ басқарма төрағасы Леонид Янушконың хабарлауынша, қазір олардың басты міндеті жылумен қамту жүйесін реттеу болып табылады.

Өз кезегінде аймақ басшысы станцияның тұрақты түрде жұмыс істеуі үшін ауа райының жағдайына қарамастан температураны көтеріп, оны ұстап тұру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол "ОАЭК" АҚ басшылығының назарын станцияның қазандықтарының жағдайына бұрып, маусымаралық кезеңде күрделі жөндеу жүргізуді ұсынды.

"Біз өз тарапымыздан жылу желілерін жөндеу және жаңғырту бойынша қажетті көмек көрсетеміз. Алайда, сіздер қысқа мерзім ішінде желілерді жаңғырту және қайта құру жобаларын өзектендіріп, сметалық есептеріңізді жаңартуларыңыз қажет. 2023 жылдың ақпан айына дейін соңғы нұсқаларды тапсыру керек", - деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына Екібастұздағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың 200-ден астам маманы тартылды. 2022 жылғы 10 желтоқсаннан бастап павлодарлық мамандарды тарту арқылы қаланың жылу желісін реттеу және баптау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, жылу трассаларындағы ұсақ су кетулер мен ақауларды жою жұмыстары жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу