Павлодар облысының әкімі шенеуніктерден инвесторларды "қорқытпауды" сұрады

865

Павлодар облысының әкімі шенеуніктерден инвесторларды "қорқытпауды" сұрады

Павлодар облысында кейбір шенеуніктер өңірге инвесторларды тартудың орнына миллиондық айыппұл мен жоғары салықтармен "қорқытып" жатыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы жылдың қорытынды жиналысында облыс әкімі Болат Бақауов мәлім етті.

"Әкімдерге бір сұрақ қойғым келеді. Араларында биыл бір инвесторды тартқандарың бар ма? Ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. Кейбіреулері инвесторларды тартудың орнына керісінше шошытып қойған. Мысалы, "Павлодармен" АЭА болған жағдайды естеріңізге түсіріп көріңіз. Олар құрылыс уақытында пайдаланылған жерлерге 20 миллион теңге салық төлеуі тиіс еді. Біз миллиардтаған қаражатпен жұмыс істеп жүргенде, осындай соммадағы салық бойынша үлкен шу шыққан. Ертіс ауданында 10 жыл бойы жұмыс істемей тұрған элеваторды жөндеп, қайта іске қосқан "Кахалонг-Астық" ЖШС бір жыл ғана шаруашылыққа берілген жерлерді пайдаланбағаны үшін 17 миллион теңгеге айыппұл салынды. Ал, Ақсу қаласында шетелден инвестор келіп, жылыжай салған. Оның әкелген құрылғыларын кеденнен өткізу үшін облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысы Төлеген Сәрсембаевтың көмегіне жүгіндік. Осындай мәселелерден кейін біздің аймаққа кім келгісі келеді. Қол ұшын созудың орнына оларға түрлі кедергі жасаймыз", – деді өңір басшысы.

Болат Бақауов жиналыс кезінде аудан әкімдеріне тағы да инвесторларды тарту жөнінде ескерту жасады. Бұдан басқа, аймақ басшысы келесі жылы ЭКСПО-ға келетін бизнесмендермен келісім сөз жүргізу керек екенін алға тартты.

"Көрмеде Павлодар облысының инвестициялық жетістіктері көрсетілетін болады. Ниет білдірген азаматтардың барлығын облысқа әкеліп, кәсіпорындармен таныстыруға дайынбыз. Ал инвесторлар бізден жақсы ұсыныстар күтеді", - деді Болат Бақауов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу