Павлодарда Абайдың ескерткіші ашылды

1509

Ұлы ақынның ескерткіші облыстық әкімдіктің алдына қойылды.

Павлодарда Абайдың ескерткіші ашылды

Былтыр Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына дайындық кезінде ойшылдың ескерткіші жоқ облыс орталықтарына ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтылған болатын. Соның ізімен Павлодар облыстық мәдениет, архив ісі және тілдерді дамыту басқармасы эскиздер байқауын ұйымдастырды. Арнайы комиссияның шешімімен ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші, бірнеше ескерткіштің авторы Асқар Нартовтың сызба үлгісі үздік деп танылды.

Кейін облыстық қазынадан 55 млн теңге қаржы бөлініп, жалпы биіктігі 10 метрден асатын ескерткіш дайындалды. Ол қоладан жасалып, азот қышқылды күміспен өңделді. Тұғыры мәрмәрдан әзірленді.

Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан ғалым, академик Ғарифолла Есім ескерткіш болашаққа  даңғыл жол салып берді деген ойын айтты.

"Біз біраз уақыт адасып жүрдік. Енді бізді адастырмайтын, азат ойға бастайтын Абайымыз бар. Ал азат ойы бар ел мықты, бақытты әрі берекелі болады. Павлодарда ескерткіштің әкімдікке кірер жолда қойылуы тегін емес деп ойлаймын. Бәріміз осы Абайға қарап, бойы түзеуіміз тиіс", - деді академик.

Жақында облыс орталығында Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының алдына атақты ақын, композитор Естай Беркімбаевтың ескерткіші орнатылады. Ол үшін қазынадан 45 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 75 млн теңге бөлініп, бұл қаржыға Нұр-Сұлтан қаласындағы Қаныш Сәтбаев пен Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімдерін арқалаған көшелердің қиылысында белгілі академиктің ескертіші қойылады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу