Павлодарда әлеуметтік мекеме қант пен күрішті екі есе қымбатқа алған

508

Павлодар облысында жүйке ауруына шалдыққандарға әлеуметтік көмек көрсететін орталық, тендер арқылы қант пен күрішті екі есе қымбатқа сатып алған. 

Павлодарда әлеуметтік мекеме қант пен күрішті екі есе қымбатқа алған

Ал, қызылшаға бірнеше есе баға қосқан. Мекеме қыркүйек айында жеке кәсіпкермен қанттың бір келісін 1326, күрішті 578, ал қызылша келісін 391 теңгемен алуға келісімшартқа отырған. Төрт айға жасалған мәміленің жалпы сомасы 21 млн 690 мың теңгеден асады. 

Айта кетерлігі, қыркүйек айында Павлодарда тәтті ұнтақ келісі 560, күріш 335 теңге болатын. Күзгі жиын-терім кезінде қызылша құны 100 теңгеге де жетпейтін. Мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізген қоғамдық ұйым құзырлы органға шағымдануда. 

"Осы мәселе бойынша біз облыстық прокуратураға хат жібердік. Осы мәселені тексеру керектігі жөнінде. Сондықтан тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төрт айдың ішінде 21 млннан аса ақша жіберіп осыншама азық-түлік сатып алу оның үстіне өте жоғары бағамен сатып алу деген өрескел бұзушылық", деді "Әділдік жолы" РҚБ ПОФ жетекшісі Нұргүл Қайырденова. 

Бір қызығы тендерді ұтып алған жеке кәсіпкер келісім шарт жасардан екі ай бұрын ғана тіркелген. Яғни, әлі мемлекетке салық та төлеп үлгермеген. Әйтсе де, өңірдің әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, бұл сауда-саттықта ешқандай заң бұзушылық болған жоқ дейді. Сондықтан, мекеме басшысын жауапқа тартпаған.

"Мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының бұзушылықтары айқындалған жоқ. Мекеменің директорына үш мердігерден коммерциялық ұсыным берілді. Ең төмен бағаның негізінде келісім шарт жасалды", деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Жанат Қасымов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу