Павлодарда алғашқы аутизм орталығы ашылды

Бұл мекеме былтыр қолданысқа берілуі тиіс еді. 

Павлодарда алғашқы аутизм орталығы ашылды Фото: Алексей Мехедов

Өкінішке қарай, соңғы жылдары жалпы әлем бойныша, оның ішінде біздің елде де аутизм белгілері бар балалар саны күрт артып келеді. Ал оларды оңалтуға, қоғамға бейімдеуге арналған орталықтар жоқтың қасы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Осыдан төрт жыл бұрын бұрынғы сот ғимаратын қайта қалпына келтіріп, оның орнында аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған мемлекеттік орталық ашылу туралы сөз қозғалған тұста, ата-аналар қауымының қуанғаны рас. Алайда бұл қуаныш көп ұзамай су сепкендей басылды. Себебі орталықтың ашылар уақыты бірнеше рет кейінге шегерілді. Былтырдың өзінде бастапқыда жазда, кейін жылдың соңында ашылады деген ресми ақпарат тарады. Бірақ жөндеу жұмыстарының созбалаңға салынуының салдарынан белгіленген мерзім қайта-қайта ұзара берді. 

Әйтеуір, облыстағы алғашқы мемлекеттік оңалту орталығы әупірімдеп жүріп аутизм проблемасы туралы ақпарат таратудың халықаралық күні есігін айқара ашты. Толығымен жаңартылған ғимарат 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы балаларды қолдауға арналған. Бір жылда мұнда 125 бала тегін көмек ала алады. Алғашқы күннің өзінде орталыққа 100 бала мен олардың ата-аналары келді. 

"Біз мұндай орталықтың ашылуын көп күттік. Оның заманауи жабдықтармен қамтылуы, мамандардың әр баламен жеке жұмыс істеуі көңілден шығып отыр. Балаларға ыңғайлы жағдайдың жасалғанына ризамыз. Балам бұл орталыққа зор құлшыныспен келеді. Ендігі ретте 18 жастан асқан жеткіншектерге де осындай орталық ашылса екен деген тілек бар", - дейді ерекше баланың анасы Қарлығаш Разиева. 

Орталық басшысы Азил Манабаевтың айтуынша, мұнда балалар дағдыларды игеріп, қоғаммен ешкімнің көмегінсіз-ақ ортақ тіл табуға үйренеді. Мамандар ата-аналармен де жұмыс істеп, оларға балаларын түсінуге көмектеседі. 

"Әр баланың жағдайын жеке қарастыратын боламыз. Олардың түрлі дағдыны меңгеруі үшін робототехника мен LEGO кабинеттері, сенсорлық және қышпен жұмыс істеу шеберханалары бар. Эмоционалдық жүктемені азайтатын биотерапия, АВА-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия да қарастырылған", - дейді директор. 

Бүгінде орталықта 66 адам еңбек етеді. Мамандардың тәжірибесі, халықаралық стандарттарға сай білімі, әр түрлі білім беру бағыты бойынша санаты бар. 

Айта кетейік, аталмыш жоба облыстық әкімдік, "Қамқорлық қоры", "Қазақстан халқына" және "Samruk Kazyna Trust" қорларының қолдауымен жүзеге асты. Оған 2, 4 млрд теңге көлемінде қаражат құйылды. Бұл – елімізде ашылуы жоспарланған 8 орталықтың екіншісі. 

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Асайын Байханов балаларға арналған мұндай орындарды Екібастұз, Ақсу қалаларында да ашу ойда барын айтты. Сонымен қатар, өңірдің әкімі ата-аналардың тілектері негізінде аутизм спектрі бұзылған, 18 жастан асқан азаматтарға да оңалту орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруға сөз берді. 

Жалпы, қазіргі таңда Павлодар облысында аутизмге шалдыққан 280-нен астам бала тіркеуде тұр. Жауапты сала өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл сан одан да көп болуы мүмкін. Себебі кейбір ата-аналар балаларының сырқат екенін мойындауды, оларды тіркеуге қоюды жөн көрмейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу