Қазақстанда ақшаның мына түрін еш жер қабылдамайды

1215

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде Ұлттық банктің ұлттық валютаға қатысты саясатына қарсылық білдіруде. 

Қазақстанда ақшаның мына түрін еш жер қабылдамайды Фото: canva

Бір бөлігі теңге дизайнының жиі ауыса беретініне шағымданады.

Халықтың бір бөлігіне ұлттық валютаның түсі және көрінісі ұнамайды. ҚРҰБ-та істейтіндердің тым агрессивті қоңыр, қызыл түстерді таңдайтынына таңданады. Бірқатар қазақстандық жаңа банкноттардың бәрінен көк байрақтың алып тасталғанына алаңдайды.

Кейінгі жылдары ҚРҰБ басшылығы теңгенің безендірілуін жиі ауыстырумен әуестеніп кеткені байқалады. Мысалы, 2024 жылы номиналы 1 000 теңге болатын жаңа банкнот жасалды. Ол 2023 жылғы 28 наурызда айналысқа енгізілген. Оның сипаттамасында жазылғандай, басым түсі: қоңыр және ашық қоңыр. Әлі де қолданыста жүрген ескі нұсқасында бар Көк ту жаңасында жоқ.

2024 жылғы 25 желтоқсанда Ұлттық банк номиналы 2 000 теңге болатын жаңа банкнотты айналымға жіберді. Онда "мүйізді жануардың бейнесі", яғни, киік бейнеленген. Әзірге қолданыста қалған 2012 жылғы үлгіде басты бейне – Қазақстан картасының сұлбасы мен Астана қаласындағы мемлекет құраушы ұлтқа арналған "Қазақ Елі" монументі болатын. Осы банкнотта бар Мемлекеттік ту былтыр шығарылған жаңа банкноттардан алып тасталды.

Ұлттық банк 2023 жылғы 25 желтоқсанда номиналы 5 000 теңге болатын жаңа үлгідегі банкнотты айналысқа енгізді. Оның басым түсі: қызыл-қызғылт сары. Бұл жаңа купюрадан да көк байрақ шеттетілді.

Жаңасының негізгі бейнесі – "Қазақстанда мекендейтін бүркіттің бейнесі". Ескісінің негізгі бейнесі – Қазақстан картасының сұлбасы аясында бейнеленген "Қазақстан тәуелсіздігі" монументі болатын.

Ұлттық банк 2024 жылғы 28 маусымда номиналы 10 000 теңге болатын жаңа банкнотты қолданысқа жіберді. Басым түсі: күлгін көк. Мемлекеттік тудан бұл банкнотты да айырды. Негізгі бейнесі – сипаттамасында жазылғандай "Қазақстанда мекен ететін барыс бейнесі".

Соның алдында, 2023 жылғы 15 қарашада Ұлттық банк көк-күлгін түсті, 10 000 теңгелік басқа бір жаңа банкнотты шығарған болатын. Негізгі бейнелері – монета және "Мёбиус жолағы", А (Абай), Ж (Жетісу) және Ұ (Ұлытау) бас әріптерімен белгіленген облыстары бар Қазақстан картасы.

2012 жылғы үлгісінде бар Мемлекеттік ту бұл екеуінде де кездеспейді. Басым түстері көк және күлгін болған ескі, 2012 жылғы нұсқасының негізгі бейнелері – "Қазақ Елі" монументі, ұшып жатқан көгершіндер, Қазақстанның мемлекеттік рәміздері: ту мен елтаңба болатын.

Ұлттық банк 2022 жылғы 1 қазанда номиналы 20 000 теңге болатын жаңа банкнотты айналымға енгізді. Оның басым түсі – сұр. Негізгі бейнелері – Астана қаласының және "Ақорда" Президент резиденциясының панорамалық көрінісі, қалықтаған бүркіт.

Қаржыгерлер 20 мың теңгелік купюра – тоқтаусыз құнсызданған теңгенің символына айналғанына назар аудартып жүр. Өйткені 2022 жылға дейін Қазақстанда тұрақты түрде 20 мың теңгелік банкнот шығарылған емес.

Ұлттық банктің ресми мәліметінше, тек 2015 жылы "Ұлттық валюта – теңгенің енгізілуінің 20 жылдығына арналған", номиналы 20 мың теңге болатын мерейтойлық банкнот шығарылды. Шектеулі көлемде ғана жасалғандықтан, ол банкнот бүгінде кәдесыйға айналып кетті.

Мерейтойлық сол купюрада Қазақ Елі" монументі, тұлпар және елордадағы "Мәңгілік Ел" салтанатты қақпасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: ту мен елтаңба бейнеленген.

Сонымен, ҚРҰБ дерегінше, 20 мың теңгелік банкнот 2022 жылғы 1 қазаннан бастап, тұрақты түрде басылады. Қазіргі кезде бұл – көк байрақ сақталып қалған жалғыз банкнот! Бірақ бұл да ұзаққа бармауы мүмкін.

Қазақстанда 500 және 20 000 теңге номиналындағы жаңа банкноттар пайда болатынын жариялады. Оны 2025 жылдың соңына қарай және 2026 жылы айналымға жіберу жоспарланған екен. Олардың дизайны дайын.

Өйткені ҚРҰБ 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап, елге әбден үйреншікті болған ескі үлгідегі қызыл түсті 5 000 теңгенің айналысы тоқтатылатынын жариялаған болатын. Сонымен бір мезгілде монетарлық реттеуші кәсіпкерлерге оны қабылдауға тыйым салып тастады.

"2025 жылғы 25 қыркүйектен номиналы 5 000 теңге болатын 2011 жылғы үлгідегі ақша белгілері Қазақстан территориясында және төлемнің барлық түрлері бойынша заңды төлем құралы болуын доғарды. Осыған байланысты кәсіпкерлер бұл банкноттарды төлем үшін қабылдамауға міндеттеледі!", – делінген Ұлттық банктің түсініктемесінде.

Сондай-ақ ҚРҰБ ескі үлгідегі банкноттарды жаңасымен қатар айналымда болу мерзімі аяқталғаннан кейін оларды тағы 3 жыл ішінде екінші деңгейлі банктерде, "Қазпошта" АҚ-ы кеңселерінде, Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында айырбастауға болатынын ескертті. Бірақ мұнда бір гәп бар.

"Жазда өткен ұлымның үйлену тойына қонақтар ескі үлгідегі 5 мың және 2 мың теңгелік ақшаларды көп әкеліпті. Осы айда соған "тұрмыстық техника алайық" деп, дүкенге барсақ, кассирі мұны енді қабылдауға болмайтынын мәлімдеді. Қасындағы банкке кірдік, банкоматы кері қайтарып тастады. Менеджері шотыма енгізе алатынын жеткізді, бірақ бұл банкноттарды қабылдағаны үшін комиссия алады. 10 мыңнан көбін ұстап қаламыз дейді. Бұл не масқара?" – деп ренжиді елордалық Талғат.

Оның шағымына жауап берген Ұлттық банк қазіргі кезде өзі қолданыстан шығарған банкноттар мен монеталарды банктер қабылдауы қажет екенін мәлімдеді.

"Екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" ұлттық пошта операторы айналыстан алып тасталған банкноттарды жарамды банкноттарға немесе монеталарға айырбастауды жүзеге асыра алады. Алайда "Банктер және банк қызметі туралы" заңына сәйкес, банктер бұл қызметті көрсеткені үшін өз бетінше комиссия белгілеуге құқылы. Дегенмен, сіз банкнот пен монеталарды Ұлттық банктің филиалдарында комиссиясыз айырбастай аласыз", – делінген ҚРҰБ жауабында.  

Мұнда да кілтипан бар. Ұлттық банк филиалдарының бәрінде бірдей касса жоқ, кассасы болса, оған алдын ала жазылу қажет.

Тұтастай алғанда, мемлекет бірнеше жыл ішінде бұрынғы шығарылған барлық банкноттарды "Сақ стилі" сериясындағы жаңа купюраларға ауыстырып шығуды жоспарлауда. Жаңа дизайндағы (Мемлекеттік туы жоқ) банкноттар қолданысқа жіберілгеннен кейін ескі үлгілердің бәрі айналымнан біртіндеп алып қойылады.

Осы орайда қазақстандықтардың шағымына үн қатқан Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов (жаңа банкноттарда соның қолы тұр) "ҚРҰБ-тың әрбір жаңа басшысы ұлттық валютаның банкнотын ауыстыра бастайды" деген халық пікірін жоққа шығаруға тырысты.

"Теңгенің дизайны тәуелсіздік тарихында жиі өзгерген жоқ. Ұлттық валютаның енгізілгеніне 32 жыл өтті. Теңге 3 рет қана алмастырылды: алғашқы үлгілері, содан соң 2010-шы жылдардағысы және қазіргісі – 2020 жылдан кейін шығарылғаны. Бұған әртүрлі қарауға болады. Біреулер доллардың XIX ғасырда қандай көріністе болса, ХХІ ғасырда да сол күйде қалғанын алға тартады. Әр елдің төл таңдауы болады. Бірақ бастапқы дизайн мен қорғаныш қасиеттерін қазіргі купюралардағысымен салыстыруға да болмайды. Маңына да жуықтай алмайды! Ол кезде жас мемлекет болдық, мүмкіндігіміз кем болды. Қазіргі өзгерістердің бір бөлігі – жалған ақшадан қорғау қажеттілігінен туындады", – деді Ұлттық банк басшысы.

Теңгенің барлық номиналын жаппай өзгертудің "басқа бөлігіне" не себеп болғанын ол нақтылап жатпады. ҚРҰБ төрағасы теңгенің дизайнын ауыстыруға бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейтінін қосты.

Кейбір дерек бойынша дизайн жасауға қатысқан Ұлттық банк қызметкерлеріне сыйақы төленетін көрінеді.

"Біз сырттан қандай да бір дизайнерлерді тартуға бірде бір теңге шығындамадық. Оның бәрін Ұлттық банктің тобы әзірлейді. Олар – біздің қызметкерлеріміз, оларға ақша, жалақы төлейміз. Мен осыған қатысты әңгімелерді осымен аяқтағандарыңызды қалаймын!", – деді журналистерге Тимур Сүлейменов.

Бірақ ол халықтың екі елі аузына төрт елі қақпақ қоя алмайтынға ұқсайды. Өйткені Ұлттық банктің теңгенің безендірілуін жиі ауыстырып, ескілерін қабылдау үшін банктерге комиссия жинауға рұқсат етуі, сол арқылы елді банкирлерге жем қылуы халыққа ұнамай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу