Павлодарда алғашқы экологиялық саябақ салынбақ

625

Усолка өзенінің аумағын абаттандыру талқыланды.

Павлодарда алғашқы экологиялық саябақ салынбақ

Облыс орталығындағы Усолка өзенінің жағалауы – тұрғындар жыл он екі бойы жиналатын орындардың бірі. Алайда мұнда олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сондықтан өзенніің жағалауында өңірдегі алғашқы экологиялық саябақты ашу ойластырылып отыр. Ол үшін биологтар, гидрологтар мен тарихшылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қоғам белсенділері тұрғындар арасында сауалнама жүргізді. Ал күні кеше жиналған ой-пікірлерді қоғамдық тыңдау кезінде саралап, қосымша ұсыныстарды ортаға салды.

"Десента" қорының басшысы Сергей Гуляевтің айтуынша, әлеуметтік сауаланмаға қатысушылардың қалауы әр түрлі болды.

"Тұрғындардың басым бөлігі, атап айтсақ 43,3%-ы оларға өзен жағалауында қыдырып, скандинавиялық әдіспен жүруді қалайтынын білдірді. Енді бір тобы шомылып, күнге қыздырынған жақсы екенін білдірді. Үшінші орында – тыныштықта демалуды қалайтын азаматтардың тілегі. Осы пікірлерді ескере келе, жағалауды құрылыс алаңына емес, биологиялық алуан түрлілік ортасына айналдырған жөн деген ойдамыз. Яғни, аумақты адам танымастай өзгертудің қажеті жоқ. Мұнда келушілер суретке түскенді, балық аулап, велосипедпен жүргенді ұнатады. Олай болса сол үшін жағдай жасау керек", - дейді Сергей Гуляев.

Сондай-ақ, шағын аудан тұрғындары жағалаудағы жайсыз жағдайларды атады. Мысалы, қалдықтар уақытылы жиналмайды, демалушылар қоқысты контейнерлерге салмайды, жазғы уақытта көпшілік тыныштығын бұзатын адамдар көбейеді. Тіпті, қоғамдық дәретхананың болмауы қолайсыздық тудырады.

Мұны ескереген қаланың кішкентай тұрғыны – оқушы Евдокия Ивачева өз жобасын қағаз бетіне түсіріп, ұсынды. Мұнда дәретхана, балалардың ойын және спорт алаңдары, балмұздақ пен кофе сату орындары – барлығы қамтылған.

Биологтар да өздерінің қорытындыларын айтты. Олардың зерттеуі бойынша, аумақтағы ағаштардың айтарлықтай "ауруы" жоқ. Сондықтан қарағай, қайың сынды талдар әлі де жайқалып тұрады. Гидрологтар демалыс орнына айналдыруға болатын жағажайды көрсетті. Ал археологтардың айтуынша, мұнда қазба жұмыстарын жүргізуге болады. Усолка маңында ескі ауылдар болды деседі. Оған бұған дейін осы жерден табылған алтын бұйымдар дәлел бола алады.

Экологиялық парктің сызбасын жасайтын компания өкілдері оқушылардың, ересектер мен сала мамандарының ойларын тыңдай келе, оны эскиз жобасын дайындау барысында ескеретінін айтты. Ал бір айдан соң жоба тағы да тұрғындар талқысына салынады.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу