Павлодарда аудан әкімінің ұлы 7-сыныпта оқитын қызды ұрып, мұрнын сындырған

362

Бұл туралы зардап шеккен қыздың анасы желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Павлодарда аудан әкімінің ұлы 7-сыныпта оқитын қызды ұрып, мұрнын сындырған Фото: Бейнежазбадан

Оқиға 10 қаңтар күні болған. Павлодар қаласындағы №8 лицейдің 6-сыныбында оқитын ер бала 7-сыныптағы қызды соққының астына алып, мұрнын сындырған.

Өзін Татьяна деп таныстырған қыздың анасы бұл жағдайға прокуратура мен өзге органдар құқықтық тұрғыдан дұрыс баға беруді, ұлдың ата-анасына қатысты қабылданған әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының күшін жоюды сұрап отыр. Прокуратура мен облыс әкімінен бұл іске араласып, кінәлі тарапты қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады.

"Менің 7-сыныпта оқитын қызыма 6-сыныпта оқитын ер бала дене жарақатын салып, мұрнын сындырған. Ол қызыма жеті рет ауыр соққы жасаған. 16 наурыз күні баламның мұрын сүйектері екінші мәрте түзетілді. Прокуратура органдарынан әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының күшін жойып, ер баланың ата-анасын ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша жауапқа тартуды сұраймын. Мәселеге облыс әкімі Асайын Байхановтың да назар аударуын өтінемін", – деді зардап шеккен оқушының анасы бейнежазбасында.

Оның сөзінше, 6-сынып оқушысының анасы өңірлік кәсіпкерлер палатасында жұмыс істейді, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал әкесі облыстағы аудандардың бірінде аудан әкімі болып қызмет ететін көрінеді. Ер балаға ата-анасы дұрыс тәрбие бере алмай отыр деп есептейді.

Павлодар облысы полиция департаментінен хабарлағандай, оқиға салдарынан қыз ауруханада жатып шыққан, сараптама нәтижесі келтірілген дене жарақатының жеңіл дәрежеде екенін анықтаған. Жасөспірім заң алдында жауап беретін жасқа жетпегені себепті, оның ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы іс материалы сотқа жолданған. Заңнамаға сәйкес, ата-анасының біріне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу туралы қаулы шығарылуы керек. 

Полициядағылар зардап шегуші тарап материалдық шығын өндіріп алу үшін азаматтық сотқа шағымдана алатынын ескертті. Ал өңірлік білім беру басқармасы бұл оқиғаны назарда ұстап отырмыз деп сендірді. Мектеп басшылығы екі тараптың да ата-аналарымен кездескен. Ендігі ретте ата-аналар бұл жайтты құқықтық тұрғыдан шешпекші. Білім беру басқармасы өз тарапынан қызметтік тексеріс жүргізіп, нәтижесіне сәйкес іс-шаралар қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу