Жазатайым оқиға облыс орталығындағы №37 орта мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде болған. 6-сыныптың бір топ оқушысы сілтілі "Крот" құбыр тазартқыш құралын сусын құйылған пластик бөтелкеге салған, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Оны футбол добы ретінде пайдаланып ойнап жүргенде бөтелке жарылып, жеті баланың денесі күйіп қалды.
– Жедел жәрдемге шақырту бүгін сағат 12.49-да түсті. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Анықталғандай, жеті бала зардап шеккен. Балалардың қол саусақтарын, бет-әлпеттері мен көздерін күйік шалған. Оқушылар әлгі жерде "крот"+мохито+фольга химиялық заттарын пайдаланып, ойын ойнаған. Зардап шеккен жасөспірімдердің барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Пациенттердің жағдайы ауыр емес, – деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем стансасынан.