Павлодарда ер адам өзіне сыйлықақы төлемеген компанияны сотқа берді

133

Жұмыс беруші тарапынан қарыз сомасы 7 миллион 475 мың теңге болған. 

Павлодарда ер адам өзіне сыйлықақы төлемеген компанияны сотқа берді Фото: Pixabay.com

Павлодар тұрғыны компанияның бұрынғы қызметкері мемлекеттік мерекелер үшін уәде етілген сыйлықақыны төлемегені үшін компанияны сотқа берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол 2019 жылдың шілдесінде заңгер-кеңесші болып жұмысқа кірген. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 300 мың теңге жалақымен бас директордың орынбасары қызметін атқарды. Қосымша келісім жасалғаннан кейінгі жалақы 800 мың теңгеге дейін өскен. Келісімшартта бас директордың орынбасарына Қазақстан Республикасында атап өтілетін ұлттық және мемлекеттік мерекелерге және кәсіби мереке – Кабель саласы қызметкерлерінің күніне орай лауазымдық жалақысының 50% мөлшерінде біржолғы сыйлықақы төленетіні көрсетілген.

2023 жылы жұмыстан шыққан соң ер адам бірден сотқа жүгінген. Ол қарыз сомасынан бөлек, компаниядан төлемді уақытылы төлемегені үшін айыппұл өндіруді талап еткен.

"Талапкер жауапкерге 2020 жылдың 11 қарашасы мен 2023 жылдың 27 шілдесі аралығында АҚ-ға мемлекеттік мерекелерге 7 475 000 теңге біржолғы сыйлықақы төленбегенін айтып, сотқа талап арызбен жүгінді. Ақшаны уақытылы төлемегені үшін жауапкерден 750 380 теңге талап етті", – деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.

Сот кәсіпорыннан 1 960 952 теңге өндіріп, 196 850 теңге айыппұл салды. Бірақ павлодарлық бұған көңілі толмай, апелляциялық шағым түсірді. Ал екінші тарап толық төлеуден босатуды талап етті.

Сонда да бастапқы шешім өзгеріссіз қалдырылып, тараптардың шағымдары қанағаттандырылған жоқ.

Қаулы күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу