Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде компьютерлік томограф-симулятормен жабдықталған, АҚШ-тың VARIAN компаниясы шығарған заманауи TrueBeam сызықтық үдеткішін пайдалануға беру рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
TrueBeam сызықтық үдеткіші озық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, онкологиялық аурулары бар пациенттерге жоғары дәлдіктегі сәулелік терапия жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте емдеу жоспарын әзірлеу және ем жүргізу барысында әр пациентке жеке тәсіл қамтамасыз етіледі.
"КТ-симулятордың болуы пациентті дәл орналастыруға және оның анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, сәулелік терапия курсын жоспарлауға мүмкіндік береді. Жаңа қондырғыда жыл сайын 1 000–1 200 пациентті емдеу жоспарланып отыр. Бұл өңір тұрғындарына көрсетілетін мамандандырылған онкологиялық көмектің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді", – делінген хабарламада.
Бүгінде еліміздің барлық дерлік өңірінде заманауи сызықтық үдеткіштер орнатылған. Қарағанды мен Семей қалаларында екі қуатты аппараттан, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығында төрт аппарат, ал қалалық онкологиялық орталықта тағы екі аппарат жұмыс істейді. Соңғы екі жылдың ішінде онкологиялық пациенттерді сәулелік терапиямен қамту көрсеткіші 60%-ға жуықтады. Бұл дамыған Еуропа елдерінің деңгейіне жақындаған көрсеткіш.
Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева, "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" АҚ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов, Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков, Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Мұрат Сүлейменов, сондай-ақ медицина қауымдастығының өкілдері қатысты.