Павлодарда қызметтік иттердің көмегімен 129 қылмыс ашылды

120

Қызметке алынатын әрбір ит қатаң іріктеуден өтеді. 

Павлодарда қызметтік иттердің көмегімен 129 қылмыс ашылды Фото: kazpravda.kz

Павлодар облысы полиция департаментінің кинологиялық қызметі қылмыстың алдын алу мен оның бетін ашуда маңызды міндет атқарады. Қызметтік иттер қару-жарақ пен есірткіні анықтаумен қатар, күрделі қылмыстарды тергеуде де полиция қызметкерлерінің сенімді серігіне айналған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Павлодар облысы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиевтің мәліметінше, бүгінде орталықта 16 қызметтік-іздестіру иті бар. Олардың көмегімен 862-ден астам шақыртуға жедел ден қойылып, 129 қылмыс ашылған.

Қызметтік иттердің жоғары көрсеткіштері кинолог мамандарының күнделікті жүйелі еңбегінің нәтижесі. Иттер тұрақты түрде арнайы дайындықтан өтіп, иесінің әр бұйрығын нақты әрі жылдам орындауға үйретіледі. Жаттығулар бірнеше кезеңнен тұрады және қызмет барысында қажет болатын дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Әрбір ит белгілі бір бағытқа бейімделіп, арнайы кәсіби даярлықтан өтеді.

Өткен жылы қызметтік иттердің көмегімен заңсыз айналымға жіберілмек болған екі келіге жуық есірткі заты тәркіленген.

"Полиция кинологының негізгі міндеті – қызметтік итті оқиға орнында және жедел-іздестіру іс-шараларында кез келген уақытта пайдалануға дайын ұстау. Бұл салаға жануарларды шын жақсы көретін адамдар ғана келеді. Еңбекқорлық, сабырлылық, жауапкершілік, бастамашылдық және ұқыптылық – кинолог пен қызметтік иттің үйлесімді жұмысының басты кепілі", – деді Нияз Валиев.

Кинологиялық қызмет орталығында қызметтік иттердің денсаулығы ветеринар мамандардың тұрақты бақылауында болады. Қызметке қабылданатын әрбір ит белгіленген талаптарға сай мұқият іріктеледі. Ал кинологтар оларды алдымен жалпы дайындық курсынан өткізіп, кейін іздестіру қызметіне қажетті арнайы машықтарға баулиды.

Қазіргі таңда Павлодар облысы полиция департаментінде қызметтік иттердің әлеуетін тиімді пайдалану және олардың кәсіби даярлығын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл үшін кинологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және мамандардың жұмысын жетілдіруге қажетті жағдайлар жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу