Павлодарда оқушылар автобусы мен өрт сөндіру көлігі соқтығысты

1078

Үш жеткіншекке медициналық көмек көрсетілді.  

Павлодарда оқушылар автобусы мен өрт сөндіру көлігі соқтығысты

Бүгін сағат 14:15-те Елгин мен Щедрин көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, "КамАз" көлігі "ПАЗ" маркалы автобуспен соғылып, соның салдарынан автобус тұрақта тұрған "Фольксваген" көлігін қаққан.

Оқиға орнына 7 минут аралығында жеткен жедел жәрдем көліктерінің мамандары 10-15 жас аралығындағы жеткіншектерге медициналық көмек көрсетті. Оқушылар автобусында болған 8 бала облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің қарауынан соң бесеуі үйге қайтарылып, үшеуі емдеу мекемесіне жатқызылды. Оқиға орын алған уақытта автобуста барлығы 15 бала болған.

"Олардың 10-ы №2 мектептің, бесеуі – №43 мектептің шәкірттері. 61 жасар автобус жүргізушісінің 40 жылдық еңбек өтілі бар. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші бағдаршамның жасыл түсіне ешқандай жол ережесін бұзбай жүріп келе жатқан. Ал өрт сөндіру көлігі қызыл түске, қандай да бір дабыл белгісін қоспай өтпек болған", – деп хабарлады облыстық білім беру басқармасы.

Бірақ Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің дерегі басқа. Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14:02-де "101" нөміріне Шығыс өндірістік аймағындағы темір бетонды гараждағы 20 метр аумақта өрт шыққаны туралы хабар түскен. Бұл аймаққа №4 өрт сөндіру бөлімі жақын орналасқандықтан, осы бөлімге қарасты екі "КамАЗ" көлігі оқиға орнына шыққан.

"Автоцистерна Елгин көшесінің бойымен бағдаршамның қызыл түсіне арнайы көк және қызыл түсті дабыл белгісін қосып келе жатқан. Бірақ Щедрин көшесінің бойымен бағыт алған "ПАЗ" автобусы өрт сөндіру көлігіне жол берген жоқ. Ереже бойынша, арнайы дабыл белгісі қосылған техниканы көрген тұста жүргізушілер жол беруі тиіс", – деді төтенше жағдайлар департаменті өкілдері.

Қазіргі уақытта мәселенің анық-қанығын облыстық полиция департаменті анықтауда.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу