Оқиғадан кейін әйел полиция көмегіне жүгінген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекетке жол берген азаматқа қатысты тиісті шаралар қабылдады.
Анықталғандай, ер адам алкогольдік масаң күйде бірге тұратын әйелмен жанжалдасып, оған балағат сөздер айтқан және отбасының тыныштығын бұзған.
Жиналған материалдар негізінде Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматты отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға құрметсіздік білдіретін, атап айтқанда, балағат сөздер айту, қорлай тиісу және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот шешімімен оған 40 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Сонымен қатар бір жыл мерзімге мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынды.
Сондай-ақ ер адам учаскелік полиция пунктіне айына 2 рет келіп белгіленуге және тұрғылықты жері бойынша психологиялық көмек алуға міндеттелді.