Оқиға 10 маусым күні түстен кейін Павлодар қаласындағы Назарбаев даңғылында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өзіне көмек көрсетуге келген медицина қызметкерлеріне ер адам шабуыл жасап, жедел жәрдем көлігінің ішін бүлдірген.
Павлодар облыстық жедел жәрдем стансасының мәліметінше, шақырту сағат 15:00 шамасында түскен. Хабарласқан тұрғын көшеде белгісіз ер адамның жатқанын айтқан. Оқиға орнына 9 минутта жеткен дәрігерлер бригадасы көмек көрсету барысында ер адамның агрессивті әрекетіне тап болған.
– Медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетпек болған кезде ол дөрекілік танытып, бригадаға пышақпен тап берген. Жүргізушіні жұдырықпен ұрып, кейін реанимобиль салонындағы медициналық препараттар толтырылған ампулаларды сындырып, көліктен медициналық қобдишаны лақтырып, ойран салған, – деп хабарлады жедел жәрдем стансасынан.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылып, зардап шеккен медицина мамандары құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, шабуыл жасаған ер адам ұсталып, мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды.
Аталған дерек бойынша жедел жәрдем қызметкерлеріне күш қолдану және қауіп төндіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.