Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары басталды. Осыған байланысты әуеден өңдеу үшін қосымша 10 ұшақ жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, барлық ұшақтар келіп, мердігер компания қажетті лицензия алған. Енді негізгі жұмыстар шыбын-шіркейдің жаппай ұшатын кезеңінде басталады. Бұл уақыт Ертіс өзеніндегі судың толық жайылуынан кейін анықталады. Ғылыми топтың ұсынысына сәйкес стратегия әзірленіп, әр кезең қатаң бақылауда өтеді.
Дезинсекциялық жұмыстар облыстағы Ертіс өзенінің жағасында орналасқан 59 елді мекенді қамтиды. Өзен тармақтарын өңдеу үш кезеңде жүргізіледі, бұл үшін 15 моторлы қайық қосымша жұмылдырылды. Белая, Подстепка, Теплая, Түлкі, Каратунь, Талинка және Орловка өзен тармақтары залалсыздандырылады.
Өңірге қажетті барлық препараттар жеткізілді: 182 мың килограмм биологиялық және 14,6 мың литр химиялық құрал, сондай-ақ 293 мың литр жұмыс суспензиясы дайындалды.