Павлодарда шыбын-шіркеймен күреске 1,5 млрд теңге жұмсалмақ

941

Бұл – үш жылға арналған қаражат.  

Павлодарда шыбын-шіркеймен күреске 1,5 млрд теңге жұмсалмақ Фото: Ажар Дәулетова

Көктем келе көбейетін шыбын-шіркей облыс тұрғындары мен қонақтарының мазасын әбден қашырып тұр. Қансорғыштардың үймелеп, көп болатыны соншалық, адамдар далада серуендеуден қалып, үй құстары қырылып жатады. Сондықтан соңғы жылдары дезинсекциялық шараларды жүргізуге қазынадан қомақты қаржы қарастырылып келеді.

Айталық, 2017 жылы шыбын-шіркейді азайту үшін бюджеттен 595 млн теңге бөлінді. 2018-2019 жылдары масаға қарсы күреске бөлінген қаржы көлемі 602 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Былтыр да дәл осындай сома жұмсалды. Бірақ өткен жылғы күрестің тиімділігі көпшіліктің көңілін көншіте қойған жоқ. Өңдеу жұмыстары жүргізілгенімен, қансорғыштардың қатары айтарлықтай азаймады.

Ал таяуда дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу үшін кезекті мемлекеттік конкурс жарияланды. Бұл жолы 1,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Жергілікті билік мұндай қомақты қаржы бір емес, үш жылға бір-ақ бөлінетінін айтады.

"Мердігер ұйымның жауапкершілігін күшейтіп, жыл сайын жұмыс сапасын арттыруға ынталандыру үшін мемлекеттік конкурсты оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Дәл осындай тәжірибе өзге өңірлерде оң нәтиже беріп отыр. Ғылыми топ өкілдері де дезинсекциялық шараларды әр жылдары әр түрлі емес, бір компания жүргізсе, тиімділік артатынын айтты. Жыл сайын конкурстық жұмыстардың ұзаққа созылуы жұмыс нәтижесіне кері әсерін тигізуі де мүмкін. Ал үш жылға бөлетін болсақ, әр жылға қарастырылған қаржы көлемі бұрынғы деңгейде қалады", - дейді Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев.

Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Нәтижесі наурыз айының алғашқы он күнінде белгілі болуы тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу