Павлодарда тағы бір жатақхана төңірегінде шу шықты

574

Павлодарда жеке инвесторлар мен жоғары оқу орны бірігіп салған жатақхана төңірегінде шу шықты.

Павлодарда тағы бір жатақхана төңірегінде шу шықты Фото: Inbusiness.kz

Студенттерден бес айдың ақшасын күні бұрын алған университеттің екінші тараппен бөліскісі жоқ. Ал, жатақхана құрылысына жұмсалған қаржының 80 пайызы инвестордікі. Белгілі болғандай, жоғары оқу орны студенттер үйін қолданысқа берерде қабылдау актісінде нысанның қожасы ретінде жалғыз өздерін ғана көрсеткен. Енді, тараптар бір-бірімен соттасып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жатақхана тапшылығы туындаған кезде Павлодардағы Торайғыров университеті жеке инвесторлармен бірлесіп 2019 жылы 600 жатар орындық студенттер үйін салуға уағдаласты. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында қаржының 70 пайызын "Заман-Альянс" компаниясы, 10 процентін "Вершина" серіктестігі құйды, қалған 20 пайызын жоғары оқу орны шығарды. Жатақхана құрылысы былтыр аяқталғанымен тараптар әлі күнге келісімге келе алмай жүр.

"Он тоғызыншы жылдары бастаған уақытта індетке дейін бұның бағасы, жобалау бағасы 1 млрд  200 млн болатын болса, 2022 жылы іске қосқанда бұл екі есе көтеріліп кетті. Сол екі есе көтерілген бағамен біз ұсыныспен шыққан болатынбыз. Сметаны қайтадан қарау керек осыны реттеу керек дегенде оның бәрін жоққа шығарды", - дейді жобалаушы компания жетекшісі Жұмабек Қамзин.

Биыл күзде жатақхана қолданысқа беріліп қазір онда 600 студент тұрып жатыр. Олар бес айдың ақшасы алдын ала төлеп қойған. Десе де, университет түскен қаражыны инвесторлармен бөліспей отырған көрінеді. Оның үстіне олар жатақхананың оқу орны аумағында орналасқанын пайдаланып, толықтай иелік ету үшін сотқа берген. Кәсіпкерлер бұны күшпен тартып алу дейді.

"Университет студенттерден түскен ақшаны сот салығына төлеп бізді сотқа беріп жатыр. Олар бізді, яғни инвесторларды үлестен шығарып жібермек. Ол үшін нысанды қабылдап алу құжатын да өзгерткен. Бұл деген рейдерлік тартып алу ғой", - дейді Инвестициялық компания директорының орынбасары Али Вакулик.

Жатақхананы салу әуел бастағы келісімде 1 млрд 200 млн деп көрсетілгенімен кейінгі кездегі құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты инвесторлар екі есе қаражат жұмсадық дейді. Келісім шарт бойынша олар алты жыл үлесте болып, осы жылдар ішінде шығындарын өтеп алуы тиіс. Ал, сот университетті жатақхананың жалғыз қожасы ретінде таныса онда құрылыс салушылар құр қол қалмақ.

"Сексен пайыз біздің үлесіміз жиырма пайыз университеттің үлесі. Енді, мына жатақханаға қыркүйектің басында студенттер келе бастағанда университет бес айлық ақыны алды. Ол деген қырық млн-дай қаражат ұстап отыр. Оның сексен пайызы бізге берілуі керек еді",- дейді жобалаушы компания жетекшісі Жұмабек Қамзин.

Жоғары оқу орнының өкілдері журналистердің сан сұрақтарына тұшымды жауап бере алмады. Бар айтқандары сот арқылы өз үлестерін шегелеп алмақ. Өйткені, инвесторлар үлестегі пайыздық үстемдіктерін пайдаланып жатақхананы өзгеге сатып жібереме деп қауіптенеді екен.

"Біз өзіміздің студенттеріміздің қауіпсіздігі үшін сотқа бердік. Біздің әріптестеріміздің басынан өткен жағдай бізде де қайталана ма деп қауіптенеміз. Университет аумағында тұрғын үйдің пайда болғанын біз қаламаймыз",- деді Торайғыров университеті құқықтық қамтамасыз ету басқармасы басшысының м.а Раушан Сәбитова.

Айта кетерлігі, дәл осыған ұқсас оқиға өңірдегі педагогикалық университетінде болған. Әуелде инвесторлармен келісіліп салынған жатақхана ғимаратын кейін кәсіпкерлер өзге біреуге сатқан, жаңа қожайын нысанды тұрғын үйге айналдырып жіберген. Ал, мына инвесторлар жатақхананы қолданысқа қабылдаған мекемені сотқа беріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу