Бас Прокуратураның мәліметінше, ол облыс аумағындағы су объектілері мен су қорғау аймақтары орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында тұщы және тұздыкөлдер, сонымен қатар, тұз өндіруге пайдаланылатын су айдындары орналасқан 3 жер учаскесінің конкурсқа шығарылғаны анықталған.
– Конкурс құжаттамасын әзірлеу кезінде мемлекеттік орган тарапынан арнайы рәсімдерді өткізуді және қажетті келісімдерді алуды көздейтін Су кодексінің міндетті талаптары сақталмағаны белгілі болды. Нәтижесінде мүдделі тұлғаларға тек жер учаскелеріне ғана емес, жалпы аумағы 60 гектардан асатын, ерекше маңызға ие және мемлекет қорғауындағы су ресурстарына да қол жеткізу мүмкіндігін беру әрекеті жасалған, – деп хабарлады құзырлы орган өкілдері.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз конкурс нәтижелері жойылып, анықталған заң бұзушылықтар жойылған. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік мүдделер қорғалды.
Жіберілген заң бұзушылықтар үшін кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылған.