Павлодарда ҰБТ-ның алғашқы күні үш түлек ең жоғары балл жинады

1146

Павлодарда ҰБТ-ның алғашқы күні үш түлек ең жоғары балл жинады

Павлодар қаласында ҰБТ-ның алғашқы күні үш мектептің оқушылары ең жоғары балл жинады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қалалық білім беру бөлімінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, № 16 мектептің оқушысы Алғыр Сальменбаев - 138 балл, № 11, № 35 мектептің оқушылары Ботагөз Ертысбаева мен Әділ Тиштенов 133 баллдан алған.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні павлодарлық түлектер ең жоғары 140 баллдан орташа есеппен алғанда 97,14 ұпай жинаған. 2016 жылы апелляция мен шығармашылық мамандығын таңдаған түлектердің нәтижесін есепке алмағанда орташа көрсеткіш 84,4 баллды құраған болатын. Биыл 208 түлек 100-ден жоғары баллға қол жеткізді. № 7 жалпы орта білім беру мектебі (111,8 балл), №16 ЖОМ (104,5 балл), № 25 ЖОМ (103,9 балл), № 9 ЖОМ (103,3 балл), № 42 ЖОМ (102,97 балл), №17, 37 ЖОМ (102,9 балл), №1 ЖОМ (101,7 балл) жоғары нәтиже көрсетті.

21-маусым күні ПМУ мен ПМПИ-де 23 жалпы білім беру мектебінен тестілеуге 462 оқушы қатысқан. Оның 195-і немесе 42,2 пайызы мемлекеттік тілде тапсырған. 2017 жылы қала бойынша 37 мектептен 705 түлек немесе 68 пайызы ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген.

Бүгін 22-маусым күні ИнЕУ-де 14 мектептен 226 түлек тест тапсыруда. Айта кетейік, өткен жылдары біздің агенттік ҰБТ-ның алғашқы күнінен кейін Павлодар облысы бойынша алдын ала нәтижелерді жариялап келген болса, биыл жаңа ережелерге сәйкес  тестілеудің үшінші күнінен кейін ғана қорытынды белгілі болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу