Павлодарда Үндістан компаниясының атсалысуымен облыстық жаңа аурухана салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"2016 жылы ҚР 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру" тақырыбында өткен баспасөз конференциясы барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Нұрлан Уразалин мәлім етті.
"Аймақ басшысы инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында Үндістан елінің өкілдерімен кездескен болатын. Қазіргі таңда нысанның құрылысына жер телімін бөлу мәселесі қарастырылуда. Шетелдіктер біздің өңірде медициналық мекеме салуға ниет білдіріп отыр. Сәйкесінше, өз құрал-жабдықтары мен мамандарын ұсынатын болады. Облыстық аурухананың тозығы жеткені белгілі. Сондықтан шамамен 500 орындық стационар бой көтереді, – дейді Нұрлан Уразалин.
Мемлекеттік жеке меншік серіктестік жобасы нәтижесінде Екібастұзда инсульт орталығы және Павлодарда № 1 қалалық аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталады. Сондай-ақ, Кенжекөл және Павлодарское ауылдарында дәрігерлік амбулаторияларды инвестициялық жобалар бойынша сенімгерлік басқаруға тапсыру ұсынылады. Еске сала кетейік, мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында "Shapoorji Pallonji" Үнді компаниясымен құны 50 млрд теңге тұратын 500 орындық аурухананың құрылысы бойынша меморандумға қол қойылған.