Павлодарда дүкенге ұрлыққа түскен ер адам патрульдік көлікті айдап кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Время" газетіне сілтеме жасап.
Күзет дабылы іске қосылғаннан кейін оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері күдіктінің кіреберіс есікті сындырып, дүкенге заңсыз кіргенін анықтады. Ол полицейлер келгенше киім сататын бірнеше бөлімнен тауар ұрлап үлгергенімен, оқиға орнынан қашып кете алмады. Ер адамды патрульдік көлікке отырғызғаннан кейін күтпеген жағдай орын алды. Ол қызметтік автокөлікті айдап кетіп, ізін суытқан. Полицейлер күдіктіні Павлодардың екінші шетінде жол-көлік оқиғасына ұшырағаннан кейін қолға түсірді.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дүкеннен ұрлық жасау және қызметтік автокөлікті айдап кету фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті мас болған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына отыр.
Қызметтік көліктің айдап әкетілуіне қатысты қызметтік тексеріс басталды.
Басылымның хабарлауынша, екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан 2 адам зардап шеккен. Олар дәрігерлердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді.