Павлодардағы №1 автобус паркі сатылмай қалды

907

Қарызға батқан кәсіпорынды алуға ниетті инвестор табылған жоқ. 

Павлодардағы №1 автобус паркі сатылмай қалды

Мемлекеттің 100% үлесі бар мекеме 31 тамыз күні сатылымға шығарылған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы №1 автобус паркі 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына қосылған болатын. 2015 жылы аталмыш кәсіпорын 1,1 млрд теңгеге жекенің қолына өткенмен, араға жарты жыл салып инвестор қоғамдық көліктерді әкімдікке кері қайтарып берген болатын.

Биылғы бастапқы баға 673 млн теңге көлемінде белгіленді. Тендерге қатысушы компаниялар кепілдік жарнасы ретінде 87,5 млн теңге төлеуі тиіс. Алайда gosreestr.kz сайтында өткен сауда-саттыққа қатысуға бірде-бір өтініш түскен жоқ. Сол себепті мемлекеттік конкурс өткен жоқ деп танылды.

Ендігі ретте Павлодар қаласының қаржы бөлімі екінші рет тендер өткізуді жоспарлап отыр. Ережеге сәйкес, жекешелендіру нысандары алғашқы конкурстан соң араға 30 күн салып ұйымдастырылуы тиіс. Ал бастапқы баға 50%-ға төмендеуі керек.

Еске сала кетейік, №1 автобус паркі 12 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Мұнда 99 автобус пен 95 қызметкер бар.

Кәсіпорынды сатып алған инвестор 10 жыл бойы қызмет бағытын өзгертпеуі керек. Сондай-ақ, парк 2019 жылы лизингке алған 20 дизельді автобус пен 10 электробустың несиесін 2026 жылға дейін төлеуге міндеттеледі. Бүгінде қарыз көлемі 1,6 млрд теңгені құрап отыр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу