Тұтынушылардың құқығын қорғау саласының өкілдері жүргізген тексеріс нәтижесі бірнеше былықтың бетін ашты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау депарментінің мамандары жоспардан тыс 212 тексеріс жүргізген. Соның 168-інде түрлі кемшілік анықталды.
Мысалы, қазан айында бір ғана тұрғынның әлеуметтік тауар бағаларының негізсіз қымбат екеніне қатысты шағымы аясында 5 тексеріс ұйымдастырылды. Аталған дүкендердің барлығында бірінші кезекте керек азық-түліктің тым қымбат екені байқалды.
"Тауарға 25%-дан 53,6%-ға дейін үстемеақы қосылған. Одан бөлек, қарақұмықты 20,8%, тауық жұмыртқасын 20% үстемақымен бағасын өсіріп жіберген. Ал ережеге сәйкес, олар 15%-дан асырмауы тиіс еді", – дейді департамент өкілдері.
Мұндайда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5 АЕК, орта кәсіпкерлік нысандарына 35 АЕК, ірі бизнеске 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жағдай қайталанатын болса, айыппұл көлемі 300 АЕК-ке дейін жетеді.