Павлодардағы қарттар үйінде тұратын ақсақал тірнектеп жинаған ақшасын "ерекше" балаларға үлестіріп берді

Зейнеткер бұл қаражатты қажылыққа бару үшін жинаған.  

Павлодардағы қарттар үйінде тұратын ақсақал тірнектеп жинаған ақшасын "ерекше" балаларға үлестіріп берді Фото: Құндыз Қабылденова

93 жастағы Сағадат Жұмабаев соңғы 10 жыл бойы жинаған қомақты қаржысын қайырымдылыққа жұмсауды жөн санады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Сағадат ата – тыл ардагері. Соғыстың сұрапыл жылдары балалық шағымен тұспа-тұс келіп, өмір оны ерте есейтті. Бала кезінде колхозда ел қатарлы еңбек етіп, майданға өнімдер жөнелтіп, жеңіс күнін жақындатуға үлес қосты. Кейін бұрынғы Қашыр, қазіргі Тереңкөл ауданында шөп шабушы, колхоз есепшісі, бригадир, кірпіш зауытының шебері, қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Облыс орталығына қоныс аударған соң алюминий, трактор зауыттарында еңбек етті. Содан 1988 жылы зейнетке шықты. 

Сағадат ата жұбайымен бірге ұзақ жыл өмір сүріп, түтін түтетті. Алайда оларға әке, ана атану бұйырмады. 2009 жылы өмірлік жары дүние салған соң жалғыз өзі қалды. Осыдан 13 жыл бұрын қарттар үйіне орналасып, әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің қарауында өмір сүруде. Қарияның айтуынша, мұндағы қызметкерлер кішіпейілділік танытып, қамқорлықпен қарайды. 90-нан асқан қарияға жайлы жағдай да жасалған көрінеді. 

"Мен бұрыннан бері Меккеге барып, қажылық парызымды өтеуді қаладым. Сол мақсатта оны жыл көлемінде зейнетақымның бір бөлігін жинап жүрдім. Тіпті, осыдан үш жыл бұрын шетелге шығу үшін төлқұжат алдым. Бірақ сол уақытта 65 жастан асқан азаматтарды қажылыққа апаруға болмайды деген шектеу қойылды. Оның үстіне, барған күннің өзінде қасымда еріп бірге жүретін адам болуы керек еді. Кейін денсаулығым да сыр бере бастады. Осының барлығын ескеріп, қасиетті сапарға жол түсу бұйырмағандықтан, тірнектеп жинаған ақшаны қамкөңіл балаларға, олардың аналарына ұстатуды құп көрдім", – дейді қария. 

Қарияның ай сайынғы зейнетақысы – 200 мың теңге. Соның 62 мың теңгесі ғана жеке есепшотына түсіп, қалғаны мемлекеттік мекеменің есебіне аударылатын көрінеді. Сол 62 мың теңгенің өзінен 3,6 млн теңге жинады. Ақсақал тамыр-таныстан, орталықтағы мамандардан сұрастыра жүріп, дертке шалдыққан балаларды тауып, олардың тізімін жасаған. Сөйтіп, күні кеше ерекше қажеттілігі бар 30 баланың анасын өзі тұрып жатқан қарттар үйіне шақырып, 10 жыл аралығында жинаған 3,6 млн теңгесін әрқайсысына қылдай қылып 120 мың теңгеден бөліп берді. 

"Бұл жан жүрегі – баласы үшін шырылдап жүрген аналардың өлшеусіз еңбегінің аз да болсын өтеуі болса екен деймін. Ананың аялы алақанын, оның өз перзентін өсіріп-жеткізудегі еңбегін еш нәрсемен өлшей алмайсың", – деп түйіндеді ақсақал. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу