Еліміздегі үш мұнай өңдеу орнының бірі алдағы бір ай аралығында өнім шығаруды уақытша доғарады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бүгін Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) жоспарлы – алдын алу жұмыстары басталды. Соның аясында қысыммен жұмыс істейтін 110-нан астам құрал мен 930-дан астам технологиялық құбырлар міндетті техникалық куәландыру мен сараптамадан өтпек. Бұл бағыттағы жұмыстарға 1100-ден аса адам мен 107 арнайы техника тартылды.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, бұл аралықта жанар-жағармай тұтынушыларға алаңдауға негіз жоқ. Себебі зауытта тиісті жұмыстар басталғанға дейін-ақ арнайы қор жасалды. Өндіріс орнының резервуарларында 35 мың тонна жанармай, 45 мың тонна дизель отыны, 14 мың тонна авиаотын бар. Бұл қор жоспарлы – алдын алу жұмыстары аяқталғанға дейін жетуі тиіс. Ал зауыт 17 шілде күні қайтадан мұнай өңдеуге кіріседі.
Айта кетейік, таяуда "Эр Ликид Мұнай Тех Газы" ЖШС Павлодар мұнай-химия зауытының базасында сутегі қондырғысын іске қосуға ниеті бар екенін білдерген болатын. Жаңа өндіріс қысқы дизель отынын шығару үшін зауытты сутегімен қамтамасыз ету үшін керек.
"Жалпы сомасы 101,8 млн еуро болатын жоба "Жасыл дәліз" мемлекеттік бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Ол жоғары энергетикалық тиімділік пен шығарындылардың ең төменгі деңгейін қамтамасыз ететін бу риформинг технологиясына негізделген", – деген еді "Эр Ликид Мұнай Тех Газы" ЖШС бас директоры Орчун Бакыр Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановпен өткен кездесу барысында.
Капсула салу рәсімі осы жылдың шілде айында "Air Liquide" тобының вице-президенті Эмили Муран-Ренуардың сапары аясында өтеді. Ал құрылыстың өзі келесі жылдың төртінші тоқсанында аяқталмақ. Жобаны іске асыру кезеңінде 192 маман жұмыс істейді. Ал пайдалануға берілген соң 25 тұрақты жұмыс орны құрылады.