Павлодардағы табиғи ескерткіш жойылудың шақ алдында тұр

Мұндай ескерткіш тек Америкада бар. 

Павлодардағы табиғи ескерткіш жойылудың шақ алдында тұр Фото: Таңнұр Әленқызы

Ертіс өзенінің жағасында "Қазқонақ" деп аталатын табиғи ескерткіш сақтаулы. Мұнда миллиондаған жыл бұрын осы аумақты мекендеген бұғы, жираф, мүйізтұмсық, гиппарион сынды жануарлардың сүйектері бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

1971 жылы аталмыш аумақ мемлекеттік қорғауына алынды. Ал 2001 жылы оған ерекше қорғалатын республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесі берілді. Алайда жыл сайын жағалау үгіліп, аумақ жойылып жатыр. Бүгінде табиғи ескерткіштің 30%-ы жойылып кетті.

Мамандардың айтуынша, бұл ретте ескерткішке республикалық мәртебенің берілуі өзіне "таяқ" болып тиіп отыр. Себебі дәл осындай мәртебедегі мәдени нысандарда құрылыс, жөндеу, қалпына келтіру сынды қандай да бір жұмыстарды жүргізуге тыйым салынған. Сондықтан сақтап қалу амалдарын жасау мүмкін емес. Жағалаудың жаңбыр, қар суынан үгіліп жатқанын сырттан бақылаудан басқа амал болмай тұр.

"Жыл сайын жыралардың саны көбейіп, жаңа учаскелер пайда болып жатыр. Соның салдарынан көп табиғи байлықтан көз алдымызда айырылып жатырмыз. Соңғы 10 жылдың ішінде эрозиялық шұңқырлардың бірі 20 метрден астам аумаққа үлкейіп кетті", – деп дабыл қағады Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, мәдениеттану кандидаты Валентина Алиясова.

Салдарынан жануарлардың сүйектері сыртқа шығып, кей аумақтарда аяқ асты қалып жатыр. Жардың ылдиының тік болуы да ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан мамандар арнайы белгі қойып, аумақты қоршау керек деп есептейді. Бұл ұсынысты облыс басшылығына да білдіріпті. Алайда соңғы шешімді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қабылдауы тиіс.

"Біз ерекше қорғалатын табиғи ескерткіш мәртебесі сақталғанын қалаймыз. Бірақ оған қатысты кейбір шектеулерді "жұмсарту" керек деп санаймыз. Бұл ескерткішті сақтау үшін керек. Сол кезде жағалауды нығайтып, қауіпсіз маршруттарды салып, негізгі сүйек қабатын қорғауға мүмкіндік туады", – дейді сарапшылар тобының мүшесі Марина Регатунова.

Айта кетейік, "Қазқонақ" ескерткішінде осыдан 5-7 миллион жыл бұрын Ертіс жағалауын мекен еткен жануарлардың сүйектері бар. Мұнда гиппариондық фауна, керік, бөкен сынды жануарлардың сүйектері табылып жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу