Павлодарлық әкелер балаларына шамамен 1 млрд теңге қарыз

Жыл санап алимент төлеуге міндетті азаматтардың қатары көбейіп келеді.  

Павлодарлық әкелер балаларына шамамен 1 млрд теңге қарыз Фото: bizmedia.kz

Сонымен қатар, еңбекке жарамсыз балалары, ата-аналары мен жарына қаржылай қолдау көрсетуден қашқақтайтындар бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінде Павлодар облысында 335 проблемалық алимент тіркеліп отыр. Тағы 342 орындаушылық өндіріс уақытша тоқтап тұр. Себебі, оларды өтеуі тиіс азаматтарға іздеу жарияланған. 

Жалпы, өңірдегі алимент төлеушілердің барлық берешегі – 818 млрд 143 млн 415 мың теңге. Жыл басынан бері құзырлы органдар оның тек 79 млн теңгесін өндіріп алыпты. Ал қалған сома әлі күнге дейін отбасы мүшелеріне төленбей келеді.

"Облыстың әділет департаментінде алиментті өндіріп алуға қатысты 16 115 құжат бар. Оның 8980-і мерзімдік орындауда болса, 7175 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтып, төлемді өздері аударады. Міндетті төлемдерден жалтарып жүрген азаматтармен жұмыс аясында бірқатар шаралар қабылданды. Мәселен, Әкімшілік кодекстің 669-бабы бойынша алимент төлеуге тиіс 39 адам жауапқа тартылды. Тағы 17 азаматқа айыппұл салынып, 22 тұрғын қамауға алынды. Полиция департаменті алимент бойынша берешек 10 адамды жауапқа тартты", - дейді Павлодар облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Сәменқұлов.

Атап өтерлігі, облыс бойынша бір адамның "мойнындағы" ең көп қарыз – 15 млн теңге. Ол жылдар бойы балаларына осынша қомақты сомадағы ақшаны төлемей келеді. Ал бір баланың алдындағы ең көп берешек – 10 млн теңге.

Кей азаматтар кәмелеттік жасына толмаған балаларына ғана емес, басқа да жақын-жұрағатына қол ұшын созуға бейілді емес. Сондықтан ҚР ҚК 139-бабы бойынша балаларды бағуға ақша төлеу міндетінен бас тартқан, еңбек жарамсыз ата-аналарына, жарына аударым жасауды қаламаған 40 борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша 40 өтініш жолданды. Олар 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа жұмылдырылуы мүмкін. Не болмаса екі жылға дейін бас бостандығынан айырылып, шектелуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу