Павлодарлық ата-аналар балаларына 650 млн теңге қарыз

Оның жартысына жуығы өндіріп алынды. 

Павлодарлық ата-аналар балаларына 650 млн теңге қарыз Фото: life.akbars.ru

Павлодар облысында жыл санап алимент төлеуге міндетті әкелер мен аналардың қатары артып келеді. Балаларының алдындағы жауапкершілігі мен міндетін орындамаған кей азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Салыстырмалы түрде қарасақ, Павлодар облысында осыдан үш жыл бұрын жеке сот орындаушылардың қарауында 11 мың материал болатын. Ал биылғы жарты жылдың өзінде алимент өндіріп алу жөніндегі 17,5 мыңнан астам іс қолға алынды. Бүгінде оның 1645-інің өндірісі аяқталды.

"Оның ішінде 213 орындау құжаты нақты орындалды. Тағы 16 мыңға жуық материал әлі өндірісте. Бұл ретте 9777 жүйелі түрде орындалады. Ал 7 мыңға жуық алимент төлеуші өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарына жатады. Сондықтан алиментті де өздігінен төлейді. Жалпы, аймақ тұрғындары өз балаларына 650 млн теңге қарыз. Осы уақытқа дейін оның шамамен 300 млн теңгесі өндірілді", - дейді Павлодар облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Дәурен Исабеков.

Баласы алдындағы міндетінен жалтарып, тиісті төлемді уақытылы жасамай жүрген ата-аналар да бар. Қазіргі таңда өңірдегі 300-ге жуық алимент төлеуші проблемалық азаматтар санатында тұр. Олар сот талаптарын орындауға мүлде құлықсыз. Бірі тұрақты жұмысының жоғын алға тартса, енді бірі басқа себептерін көрсетеді.

"Қалай болғанда да бала қаржыдан қағылмауы қажет. Жұмыссыздығын сылтау қылатын жандарға жұмыспен қамту орталығына шақырту беріледі. Өз кезегінде орталық мамандары алимент төлеушінің мүмкіндігіне қарай тұрақты табыс табатын қызмет түрлерін ұсынып жатады. Жыл басынан бері осындай 215 шақырту беріліп, нәтижесінде 136 алимент төлеуші жұмысқа орналасты", - дейді Дәурен Исабеков.

Ал оған да мойын бұрмайтындарды әлеуметтік және қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр. Осыған дейін 182 тұрғын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабына сәйкес жауапқа тартылды. Тағы 16 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот олардың бас бостандығын бір жылға шектеу және 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, алимент төлеуден бас ала қашып жүрген ата-аналарды анықтау үшін түрлі рейдтер ұйымдастырылады. Айталық, биыл сол арқылы 26 адамның көлігі айыптұрағына қойылды. Оның бір бөлігі аукционда 5 млн теңгеге сатылып, одан түскен ақша балалардың алиментін өтеуге жұмсалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу