Павлодарлық домбыра жасаушы шеберге Наурыз қарсаңында тапсырыс берушілер көбейген

1816

Павлодарлық домбыра жасаушы шеберге Наурыз қарсаңында тапсырыс берушілер көбейген

Павлодарлық шебер Қуандық Баязитке Наурыз мерекесіне орай қала тұрғындары мен астаналықтар 40-шақты домбыра мен оның қабына тапсырыс берген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы домбыра жасаушы шебер агенттік тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

"10-ақпаннан бастап тапсырыс түсе бастады. Енді аспаптарды Наурыз мерекесіне дейін бітіруіміз керек. Тұрғындардың көбі домбыраны мереке қарсаңында өздерінің ең жақын жандарына сыйға тарту үшін жасатады. Сондықтан барынша сапалы дайындауға тырысып жатырмыз. Бүгінде Бауыржан есімді шебер екеуіміз бірлесіп жұмысқа кірістік. Әріптесім домбыраларды жасаса, қорапшаларды дайындау маған жүктелді", – дейді Қуандық Баязит.

Айта кетейік, Қуандық Баязит домбыра және қыл қобыз, прима қобыз, жетіген, үш ішекті домра (орыс халқының ұлттық аспабы) сынды аспаптардың қабын жасаумен 1990 жылдан бастап айналысып келеді. Басында ағаш кесетін астаптарын үйінің бір бөлмесіне орнатып жұмыс істеген ол кейінен жеке цех ашып, кәсібін кеңейтті. Осылайша, ұлттық өнеріміздің дамуына айрықша үлес қосып келеді.

Павлодар өңірінде ұлт аспаптарының қабын жасайтын шеберлер өте сирек болғандықтан, тапсырыс берушілердің көбі осы Қуандық ақсақалға өтініш жасайды. Ол еліміз алғаш Тәуелсіздік алған жылдары тұралап тұрған ұлттық қолөнер саласы ширек ғасырдың ішінде өз биігіне көтерілгенін айтады.

"Мен осы кәсіпті алғаш бастаған кезде біздің өңірде домбыра жасаушылар саусақпен санарлық қана еді. Қазір біздің қатарымызға көптеген жас шеберлер қосылып, ұлттық қолөнерімізді дамытуда. Әрине, қуанышты жағдай. Бір, өкініштісі домбыра жасайтын ағашты Қазақстаннан табу қиын. Соның салдарынан қайың, самырсын, шырша ағаштарын Ресейден тапсырыспен алдырып отырмын", – дейді шебер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу