Бойжеткенге шабуыл жасаған 35 жастағы ер адамға үкім шығып отыр. Бұған дейін ұрлық және тонау бойынша бірнеше рет сотталған адам Алматыға қашып, із суытқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 2025 жылдың қарашасында болған. Әуелгіде күдікті қыз баласынан "Дачный" шағынауданына қалай баруға болатынын сұрап, әңгімеге тартады. Бірақ, бойжеткеннің онымен сөйлескісі келмеген. Сот материалдарына сай, ер адам қыздың белінен ұстап, бұта арасына сүйрейді. Сосын шалбарын шешуге әрекеттеніп, қорқытқан және телефонын лақтырған. Осы кезде қызды іздеп келген құрбысы телефонына қоңырау шалған. Бойжеткеннің құлағында құлаққап болғандықтан, телефонына әзер жетіп, қоңырауға жауап қатып үлгереді.
"Ол қызды қасақана зорламақ болған. Себебі, жәбірленуші оған ақша, телефон және қолында бардың бәрін беруге дайын екенін айтқан. Сол сәтте қыздың құлағында құлаққап болған. Ол телефонына жетіп, құрбысының қоңырауына жауап берген. Құрбысы оның аялдамада екенін білген. Айғайды естіген соң жүгіріп келіп, ер адамғақарсылық танытқан. Ол қорқып, қызды жіберіп, кетіп қалған", – деп жазылған сот үкімінде.
Оқиғадан соң ер адам Алматыға қашып, сол жақта бой тасалаған. Десе де, кейін ұсталып, оған зорлауға оқталу бойынша айып тағылған. Сотта ер адам кінәсін толық мойындады. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сот оның әрекетін қылмыстың қайталануы деп танып, жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеп отыр.