Павлодарлық мүмкіндігі шектеулі азамат шеберхана құрып, кәсіп бастады

142

Баянауылдық Тасқайрат Жеңісов – ІІІ топтағы мүгедектігі бар жан. Жігерлі жас жуықта бизнес-жоспарын сәтті қорғап, мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз грантты ұтып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Павлодарлық мүмкіндігі шектеулі азамат шеберхана құрып, кәсіп бастады Фото: Т. Жеңісовтің жеке архивінен

Жас кәсіпкер былтыр "Бизнес бастау" курсынан өтіп, 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алыпты. Ол қаражатқа ағаш шеберханасына арналған құрал-жабдықтарды алдырып, дәстүрлі жиналмалы дөңгелек үстелдер, орындықтар, есіктер және т.б. өнімдер жасауға кірісіп кеткен.

"Ресейден ағаш кесетін, жонатын, сүргілейтін, өрнек салатын 5 станокты тапсырыспен алдырдым. Бұл кәсіпті бастағанда әуел баста қорқыныш болған. Дейтұрғанмен, бұған дейін Астана қаласында ағаш шеберханасында жинаған еңбек тәжірибем маған көп көмек болды. Станоктар мен құрал-аспаптарды игергенімнің нәтижесін енді көріп жатырмын. Бала кезімде үй қояндары мен көгершіндер өсіретінбіз. Оларға арнап торлар, үйшіктер жасадық. Ағаштан бұйым жасау өнері сол кезден қалыптасып қалған сынды. Қазір ағаштан және фанер кесіктерінен түрлі бұйымдар жасап жатырмын. Ең әуелі жиналмалы дөңгелек үстелдің жеңіл түрін шығарғым келеді. Көптеген нұсқаларды жасап көрдім, әзірше тиісті нәтижеге жеткен жоқпын. Үстел алып жүруге қолайлы, сапалы әрі жылдам құрылатын болуы керек", - деп өз кәсібі жайында әңгімеледі Тасқайрат Жеңісов.

Ол өз кәсібін қарапайым ғана гараж қоймасында бастаған. Қаражатқа қол жеткізген соң гараждың төбесін жөндеп, еденіне бетон құйған. Электр желісі мен жылу тартып, қабырғаларын жылу ұстағыш материалдармен қаптапты. Енді өз тірлігіне алаңсыз кірісіп жатыр.

Әзірше шеберханада жалғыз өзі жұмыс істейді. Айтуынша, сапалы материалдарды табу қиын. Жергілікті жерде ағаш өңдейтін цехтар жоқтың қасы, ал сырттан келетін бұйымның сапасын тап басу қиын. Электр құралдары мен ұсақ фурнитураларды көбіне Павлодар қаласына барып әкеліп жүр.

"Ең әуелі ауыл адамдарын күнделікті өміріне қажет бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйғарып отырмын. Қазір тұрғындардан дала дәретханалары, дөңгелек үстелдер, жұмсақ орындықтарға тапсырыстар түсіп жатыр. Көптен жоспарлап жүрген жұмыстарымның алғашқы кезеңін еңсердім, енді келешекте бұйымдарымның ассортиментін көбейту керек", - деп ой бөлісті.

Тасқайрат сөз соңында қайтарымсыз грант ауылдағы өзі сияқты жастар үшін кәсіп ашуда мол көмек болып отырғанын жеткізді. Шеберхана иесі алдағы уақытта қолынан іс келетін азаматтарды жұмысқа қабылдап, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу