Павлодарлық өрт сөндірушілерге 6 көлік табысталды

Жол талғамайтын техникалар орман алқаптарына да қиындықсыз кіре алады.

Павлодарлық өрт сөндірушілерге 6 көлік табысталды Фото: Валери Бугаев

Бұған дейін Павлодар облысындағы орман өрті кезінде, әсіресе Баянауыл аймағындағы қызыл жалынмен күрес кезінде техникалардың қауқарсыздығы құтқарушыларға қолбайлау болғаны рас. Енді өрт сөндіру кезінде көмекке келетін алты жаңа көлік бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов құтқарушылар күнінде өрт сөндіру машиналарының кілттерін табыс етті.

Облыстық төтенше жағдай жөніндегі департамент бастығы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, олардың арасында ауылдық жерге арналған арнайы техника да бар. Жол талғамайтын бұл көліктер орманда да, далалық аймақта сапалы жұмыс істей алады. "Урал" және "КамАЗ" көліктерінің негізіндегі автоцистерналар кез келген жерден еркін жүретін болады. Сондай-ақ өрт сөндірушілерге 200 жауынгерлік киім-кешек сатып алынды. Соның нәтижесінде жоғары температуралық жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Ал келесі жылы 280 млн теңгеге АЛ-32 екі автосаты сатып алу жоспарланып отыр.

Жалпы соңғы 3 жыл аралығында өңірдегі азаматтық қорғаныс органдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл сомаға 200-ден астам техника және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.

"Заманауи техниканы қолдану, әрине, маңызды. Десе де, адам жанын құтқаруда алдымен азаматтық қорғаныс саласы өкілдерінің жоғары жеке кәсібилігі маңызды рөл атқарады. Тәуелсіздік жылдарында апаттарды жою жұмыстары кезінде 13 мыңнан астам адам құтқарылып, зардап шеккен 3,5 мың адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Жыл басынан бері ТЖД қызметкерлері 140 адамды, оның ішінде 10 баланы құтқарып, аман алып қалды.  Осындай жауапты қызметтегі елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын", – деді аймақ басшысы. 

Сонымен қатар мерекеде ерлігімен көзге түскен бір топ құтқарушы түрлі мемлекеттік марапатқа ие болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу