Павлодар облысында полиция қызметкері, полиция майоры Әсел Аубакирова "Күміс алқа" мемлекеттік марапатына ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрметті төсбелгіні оған Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр табыстады.
Әсел Аубакирова ішкі істер органдарында 22 жылдан бері қызмет етіп келеді. Полициядағы жауапты жұмысын отбасымен қатар алып жүрген ол бүгінде алты баланы тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы 15 жаста болса, кенже баласы Исмаилдың жасы небәрі 1,5 жаста.
Полиция майоры штабтағы қызметтің оңай еместігін айтады. Оның сөзінше, бұл жұмыста аналитикалық ойлау, бастамашылдық, объективтілік және жедел жағдайда дұрыс шешім қабылдау қабілеті маңызды.
"Көпбалалы ана болу және полицияда қызмет ету – бүкіл отбасымның еңбегі. Жұбайымның, ата-әжелеріміздің қолдауы мен түсіністігі болмаса, үйде де, қызметте де бәріне үлгеру қиын болар еді", – деді Әсел Аубакирова.
Полиция департаментінің басшылығы Әсел Аубакированы марапатымен құттықтап, оның отбасына зор денсаулық, амандық пен береке тіледі.