Павлодарлық сайлаушылардың жартысынан астамы таңдауын жасады

Өңірде 512 мыңнан астам дауыс беруші бар. 

Павлодарлық сайлаушылардың жартысынан астамы таңдауын жасады Фото: Есенжол Исабек

Орталық сайлау комиссиясының 14.00-дегі мәліметінше, облыстағы сайлаушылардың 51,24 пайызы дауыс берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алғашқылардың бірі болып Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бюллетень алды.

Облыс әкімі өз таңдауын жасады

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс орталығындағы Торайғыров атындағы мектепте ашылған #10 сайлау учаскесінде дауыс берді.

"Ата Заңымызда мемлекеттік билікті халық атқарады деп жазылған. Ал бұл билік сайлау арқылы жүзеге асырылады. Мен ел азаматы ретінде өз учаскеме келіп, дауыс бердім. Себебі менің мүддемді Мәжілісте, жергілікті мәслихаттарда кімнің қорғайтыны маңызды. Сондықтан облыс тұрғындарын да таңдау жасауға шақырамын", - деді А.Байханов.

Аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Полина Санкинаның сөзінше, учаскеде барлығы 1989 адам тіркелген. Олардың қатарында алғаш рет дауыс беретін 10 жас бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жеті жан тіркеулі.

Жалпы, мұндағы дауыс берушілердің 70 пайызы - зейнеткерлер. Солардың бірі - 77 жасар Шолпан Иманова.

"Биыл партиялармен қатар, бірмандаттық сайлау жүйесінің енгізілуі дұрыс деп ойлаймын. Мәжіліс пен мәслихаттарға ұсынылған жекелеген азаматтарды, олардың мақсат-міндеттерін білуге болады. Меніңше, кандидаттардың барлығы дерлік елді дамытып, жақсартуды, өзгерістер мен жаңашылдықтар әкелуді қалайды. Солардың қатарынан нағыз іскер, жұрт үшін жаны ашитын азаматтарды мінберден көргім келеді", - дейді ол.

Бұл күні жастар да белсенді. Биыл 18 жасқа толып, дауыс беру құқығына ие болып жатқан жастап баршылық. Солардың бірі - павлодарлық Арай Темірболат.

Арай жергілікті колледждердің бірінде менеджмент мамандығы бойынша оқиды. Жақында кәмелеттік жасқа толған ол алғаш рет сайлауға қатысты.

"Кейбір достарым былтыр Президенттік сайлауда бірінші рет дауыс берген еді. Сол кезде мен де саяси науқанға қатысар күнді күттім. Себебі маған ертеңгі күні мүддемді кімнің қорғап, өңірдегі мәселелерді кімнің қалай шешетіні маңызды. Сол үшін де партиялар мен  кандидаттардың бағдарламасын алдын ала қарап алдым. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын", - деді ол.

Жалпы, павлодарлықтар ауа райының құбылып, қар жауғанына қарамастан сайлау учаскелеріне келіп жатыр. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қарттар да саяси науқаннан қалыс қалмай, үйден дауыс беруде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу