Павлодарлық жастарды кәсіпкерлік саласы көп қызықтырады

855

Павлодарлық жастарды кәсіпкерлік саласы көп қызықтырады

Елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауын түсіндіру мақсатында Павлодар облысына келген мәжіліс депутаттары бір аптада екі мыңнан астам адаммен кездесті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалында бастауыш партия ұйым өкілдерімен кездесу кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаев айтты.

"Павлодар облысына келген сапарымызда көптеген өндіріс және кәсіпорындарын, шаруа қожалықтарын, білім беру мекемелерін аралап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Бір өзім 500-ден астам адаммен кездестім. Сонда осы өңірге бес депутат келген болса, барлығы екі мынан астам адамға түсіндіру жұмысы жүргізілді деген сөз. Жастардың көбі шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жасалып жатқан мемлекеттік қолдау түрлерін сұрайды. Себебі жоғары оқу орындарын бітіріп алып, жұмыссыз жүргендер көп. Сондай азаматтар жеке кәсіппен айналысқысы келеді. Жастарды алаңдататын тағы бір мәселе – еліміздің үштілділік саясаты. Әсіресе, ағылшын тілін аз уақыттың ішінде жоғары деңгейде үйреніп шығудың жолдарын қарастырады. Мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болғандықтан, оны білу – барша азаматтың міндеті. Сонымен қоса, ағылшын тілін де меңгеру қажет. Себебі, әлемдік деңгейдегі алып компаниялардың барлығы осы ағылшын тілінде жұмыс істейді. Кездесулер барысында мектеп жасында қалай тез үйренудің жолдарын ұсынып, өзіміздің кеңесімізді беріп келеміз", – дейді Сәкен Өтебаев.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты облыс әкімі Болат Бақауовтың балабақшаларды мемлекеттік тілге көшіру туралы бастамасын да атап өтті.

"Қазақ елінің алдында тұрған саясатының бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Қазақ тілін дамыту үшін оны балабақшадан бастау керек. Сол себепті, аймақ басшысының бұл ұсынысын Парламентке міндетті түрде енгізетін боламыз", – деді ол.

Шара барысында облыстық және қалалық мәслихат депуттары мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері Елбасы Жолдауына байланысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу