Павлодар облысының аумағында пиротехникалық заттарды сату көбейді. Олардың басым бөлігі кәсібін тиісті рұқсат қағаздарсыз, қалаған жерде дөңгелетіп отырғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мәселен, павлодарлық ер адам түрлі фейерверкті облыс орталығындағы базарлардың бірінің аумағына әкеліп, микроавтобусында сата бастаған. Сөйтіп, полицейлердің назарын өзіне аудартты. Белгілі болғандай, әлгі сатушының жарылғыш заттарды сатуға қандай да бір рұқсатқағазы болмай шықты. Сондықтан тәртіп сақшылары жалпы құны 1 млн теңге болатын өнімнің барлығын тәркілеп, табыс таппақ болған адамның өзіне 50 мың теңге айыппұл салды.
Павлодар облыстық полиция департаменті қару айналымын бақылау жөніндегі аға инспекторы Азамат Исеевтің айтуынша, өңір бойынша тек төрт адам пиротехниканы сата алады. Ал өзгелерінің құқығы жоқ.
"Бүгінгі таңда Павлодар облысында пиротехникалық заттар мен тұрмыстық кластағы тауарларды сатуға лицензия мен рұқсат қағазы бар төрт заңды тұлға тіркелген. Тұрғындардың барлығын осындай сертификатталған тауарларды ғана алуға шақырамыз", – дейді аға инспектор.
Жалпы, бұл уақытқа дейін полиция қызметкерлері 300-ден астам рейд өткізді. Нәтижесінде Екібастұз қаласында заңсыз сауда жасаған екі адамның ісін тоқтатты. Оларға айыппұл салынып, жалпы сомасы 500 мың теңге болатын заттар тәркіленді.
Айта кетейік, өңірде 3 қаңтарға дейін "Пиротехника" жедел-алдын алу шарасы өтеді. Соның барысында петарда, фейерверк, бенгал оты сынды сертификатталмаған тауарлардың стихиялық саудасының жолын кесу көзделіп отыр.