Пентагон белгісіз тұлғадан 130 миллион доллар алды

192

Ақша әскери қызметшілердің жалақысын төлеуге жұмсалады.

Пентагон белгісіз тұлғадан 130 миллион доллар алды Фото: Jen Golbeck/SOPA Images/Sipa USA/picture alliance

АҚШ-та үкімет жұмысы тоқтап (шатдаун жарияланып) жатқан тұста Пентагон өз қызметін жалғастыру үшін жеке тұлғадан 130 миллион доллар көлемінде анонимді қайырымдылық алған. Бұл туралы inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі Шон Парнеллдің айтуынша, ведомство мұндай соманы қайырымдылық ретінде қабылдауға заңды құқығы бар. Алайда Пентагон донордың АҚШ азаматы екені не еместігі туралы сұраққа жауап бермеді.

Politico атап өткендей, Пентагонның ішкі ережелеріне сай, 10 мың доллардан асатын кез келген қайырымдылық этика қызметкерлері тарапынан қаралуы тиіс, себебі донордың мүдделері "мемлекеттік шешімдерге ықпал етуі мүмкін" жағдайлар болмауы қажет.

АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонға ақша аударған адамды жеке танитынын, бірақ оның есімін ашпауды жөн көргенін айтты. Ол бұл соманы "елге деген шынайы патриоттық сезіммен" берген “досы” екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Трамп АҚШ үкіметінің жұмысының тоқтауына Демократиялық партияны айыптады. Оның айтуынша, осының салдарынан көптеген мемлекеттік мекемелер, соның ішінде қорғаныс ведомствосы, қызметкерлерге жалақы төлеуде қиындықтарға тап болған.

Алайда Politico мәліметінше, 130 миллион доллар барлық әскерилердің жалақысын жабуға жеткіліксіз. Мысалы, тек қазан айының алғашқы жартысында бұл мақсатқа 6,5 миллиард доллар жұмсалған. Келесі аптада АҚШ Конгресі әскери қызметкерлерге жалақы бөлуге мүмкіндік беретін бірнеше заң жобасын қарамақ.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу