Петропавлда қараусыз қалған үш жасар бүлдіршін кондуктор мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында үйіне аман-есен қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
№7 бағыттағы автобустың кондукторы көшеде жалғыз жүрген баланы байқап, оны автобусқа кіргізіп, дереу "102" арнасына хабар берген.
Ювеналдық полиция қызметкерлері баланы алып кетіп, оның мекенжайын анықтау жұмыстарын жүргізді. Ата-анасын табу мақсатында барлық тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Баланың қауіпсіздігі үшін ол алдымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, алайда медициналық көмекке қажеттілік болмаған. Кейін заңды өкілдері анықталып, бала отбасына қайтарылды.
Белгілі болғандай, бала ата-анасы үй шаруасымен айналысып жатқан кезде сыртқа шығып кеткен. Оқиға шамамен екі сағатқа созылған.
Әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ата-аналарға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция баланың аман-есен табылуы азаматтардың қырағылығы мен жедел әрекетінің нәтижесі екенін атап өтті.