Әлемдегі ең ұзын көшелердің бірі – Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесінің реконструкциясы биыл басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Петропавловск news порталына сілтеме жасап.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев Қазақстан Конституциясы көшесін реконструкциялау жоспарына тоқталды.
"Биыл Қазақстан Конституциясы көшесінің реконструкциясы жобасы іске асырылатын болады. Оны әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі деп атайды. Көшені кеңейтіп, жарықтандыру, жол төсемін жаңартып, жаңа сәулет элементтерін қосу жоспарланып отыр. Жасыл желектер сақталады", – деді облыс орталығының басшысы.
Бұл жоба үш кезеңнен тұрады. Жобаның бірінші кезеңінде Астана көшесінен Парковая көшесіне дейінгі учаске реконструкцияланбақ.
Көшенің бірыңғай архитектуралық стиліне айрықша назар аударылады. Оның бойындағы кәсіпкерлік нысандар өз ғимараттарының қасбетін жаңа стандарттарға сәйкес келтіруге міндетті болады, бұл өз қаражаттары есебінен жасалуы тиіс.
Қазақстан Конституциясы көшесі – әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшелерінің бірі. Оның ұзындығы 2 шақырымнан асады. Бұл Дания астанасы Копенгагендегі Строгет көшесінен ұзын, оның ұзындығы – 1,8 км.