Петропавлда дәрігерлер мерзімінен ерте туған нәрестеге ота жасап, аман алып қалды

291

Әйел ауруханаға жетпей жолда босанып қалған. Салдарынан бала шала туылып, салмағы небәрі 1600 грамм болды

Петропавлда дәрігерлер мерзімінен ерте туған нәрестеге ота жасап, аман алып қалды   Фото: ДСМ

Солтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестенің анасы жүктілігі бойынша медициналық тіркеуге тұрмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сәби өте ауыр хәлде алдымен Облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, жағдайы біршама тұрақтанған соң, жедел түрде Көпбейінді облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.

Тексеру барысында дәрігерлер баладан ауыр туа біткен даму ақауын – аш ішектің атрезиясын анықтады. Бұл – ішектің толық дамымай, бітелуі, және хирургиялық араласусыз сәбидің өмір сүруі мүмкін емес екендігін білдіреді.

– Петропавлдағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының тәжірибесінде бұрын мұндай оқиға болмаған. Хирургтар мен реаниматологтардың жоғары шеберлігі мен төзімінің арқасында нәресте аман қалды. Жағдайды баланың салмағының аздығы және ағзасының жетілмегендігі одан әрі қиындатты. Сәбидің өмірі үшін көпсалалы медициналық команда күресті, – дейді басқарма өкілдері.

Нәтижесінде, сәбиге колостомия жасалды – бұл баланың ауыр жағдайына байланысты ішекті уақытша босату үшін қолданылған мәжбүрлі шара.

Сондай-ақ, асқазан-ішек жолының тұтастығын қалпына келтіруге бағытталған ота да жасалды. Дәрігерлер бұл операцияны медицинадағы "зергерлік" деп бағалайды.

– Салмағы небәрі 1,6 келі болатын нәрестеге ота жасау – аса дәлдікті талап ететін жұмыс. Мұнда әр миллиметр маңызды. Алайда операциядан кейінгі кезең де кем түскен жоқ. Аурухананың реаниматологтары сәби ағзасының өмірлік маңызды қызметтерін тұрақтандыру, тынысын дұрыстау, қоректендіру және инфекциялардан қорғау бағытында үлкен еңбек сіңірді, – дейді мамандар.

Жүктілік кезінде бақылаудың болмауына және сәбидің аса төмен салмағына қарамастан, Петропавлдағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының хирургтары, анестезиолог-реаниматологтары мен неонатологтарының бірлескен еңбегінің арқасында бала аман қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу