Петропавлда рұқсатсыз жұмыс істеген шетелдіктер жауапқа тартылды

260

Заңсыздықтар арнайы рейд барысында анықталды.    

Петропавлда рұқсатсыз жұмыс істеген шетелдіктер жауапқа тартылды Фото: polisia.kz

Петропавлда полиция қызметкерлері қоғамдық тамақтану саласында еңбек етуге тиісті рұқсаты болмаған 2 шетелдік азаматты анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Солтүстік Қазақстан облысының көші-қон қызметі шетел азаматтарының ел аумағында болу және еңбек ету заңдылығын тексеру мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізеді.

Рейд барысында базарлар, дәмханалар, құрылыс нысандары және шетел азаматтары еңбек етуі мүмкін басқа да орындарға ерекше назар аударылады.

Тексеру кезінде қоғамдық тамақтану орындарының бірінен шетел азаматы анықталды. Ол ас үйде де, сауда залында да жұмыс істеген. Алайда оның Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаты болмаған. Сондай-ақ аталған нысанда аспаз болып жұмыс істеген оның отандасының да еңбек ету құқығы шектеулі болған. Ол тек жеке тұлғаға жұмысқа орналасуға құқылы екені анықталды.

Тексеру нәтижесінде заң талаптарын бұзған шетел азаматтары да, оларды жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 236 шетелдік және 593 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 308 шетелдік заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, ал 85 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.

Сот шешімі негізінде 52 шетелдік Қазақстан аумағынан шығарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу