Петропавлда жоғалған 13 жастағы оқушы пештің ішінен табылды

321

Бала таңертең үйден шығып, қайтып оралмаған.

Петропавлда жоғалған 13 жастағы оқушы пештің ішінен табылды Фото: polisia.kz

10 қарашада сағат 17:30-да Петропавл қаласындағы "102" арнасына Жұмысшы кентінің тұрғыны 6 сыныпта оқитын ұлының жоғалып кеткенін хабарлайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жасөспірімді іздеуге патрульдеуде болған полицияның кешенді күштері бағытталды. Барлық қызметтер, оның ішінде жедел әрекет ету арнайы отрядының жауынгерлері жұмылдырылды.

Жұмысшы кенті мен оның төңірегіндегі аумақтарды тексеру үшін 3 дрон көтерілді. Орталық жедел басқару пунктінің инспекторлары бейнебақылау камераларының жазбаларын қадағалады. Олармен бірге Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Төребек Калелов жұмыс істеді. Ол камера жазбаларынан баланы анықтап, оның Жұмысшы кентінің шетіндегі Зайцев көшесіне дейінгі жүрген жолын бақылап отырды.

Шамамен сағат 18:30 жасөспірім бір үйдің жанында орнатылған декоративті пешке тығылып отырған. Кейін бала полиция қызметкерлеріне пеште жылынып, ұйықтап қалғанын түсіндірді.

Құқық қорғау органдары оны тауып, аман-есен үйіне алып келді. Ата-анасы полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтты.

Бала бұған дейін үйден өз еркімен кетпеген. Жасөспірімнің іс-әрекетіне себеп болған жағдайларды кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандар анықтайды. Полиция қызметкерлері ата-анамен және баламен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу