Олардың кейбірі бұл жерде 8-10 жылдан бері тапжылмастан тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айып тұрағы 2021 жылдан бері Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында. Жалпы аумағы 0,8 гектар болатын жерде көліктер тегін сақталып келеді.
– Қазіргі уақытта тұрақ аумағында 283 жеңіл автокөлік, бір-бірден трактор, қарда жүретін техника, мотоблок және екі автотіркеме бар. Оның он шақтысы 10 жылдан аса уақыттан бері тұр.
Көліктердің ұзақ уақыт алынбауының түрлі себебі бар. Бірі қаржылық қиындыққа тап болған, енді бірі құжаттарын рәсімдей алмаған. Кейбір автокөлікке қатысты тергеу немесе процессуалдық әрекеттер аяқталмаған, – дейді бөлім басшысының орынбасары Айдын Мәкенов.
Заң бойынша көлік құралдарының мамандандырылған тұрақта болу мерзімінің белгілі бір шегі қарастырылмаған.
– Көлік құралы ұзақ уақыт тұрып қалған жағдайда, Петропавл әкімдігі иесін анықтау және оны хабардар ету бойынша шаралар қабылдайды. Иесі туралы мәліметтер болмаған немесе иесі көлік құралын белгіленген тәртіппен қайтарып алуға асықпаған жағдайда, көлік құралын иесіз деп тану туралы сотқа талап арыз жолданады. Ал иесі табылмаған немесе көлігін қайтару бойынша әрекет жасалмаған жағдайда, сот арқылы көлік иесіз деп танылып, кейін сауда-саттыққа шығарылады, – дейді ол.
Айып тұрағында бір кездері ресейлік әнші Тимур Юнусов – Тиматиге тиесілі Audi TT Coupe автокөлігі де тұрған. 2005 жылы оны біреулер әртістің ауласынан ұрлаған. Бір жылдан соң көлік Петропавлдан табылды.
– Көлік тексеру және құқықтық мәртебесін анықтау үшін тұраққа уақытша орналастырылған. 2019 жылдың желтоқсанында қажетті құжаттар ұсынылғаннан кейін автокөлік иесінің сенімхаты бойынша оның өкіліне беріліп, кейін Ресейге шығарылған. Қазіргі уақытта айыппұл тұрағында танымал тұлғаларға тиесілі көліктер жоқ, – дейді бөлім басшысы.