Петропавлдағы Заречный кенті тұрғындары көшіріледі

189

Мүлдем көшкісі келмегендерге қандай шара қолданылады?

Петропавлдағы Заречный кенті тұрғындары көшіріледі Фото: pixabay.com

Петропавлдағы жылда көктемде су басу қаупі бар Заречный кенті тұрғындары бұл ауданнан көшірілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.                

Жергілікті билік Есіл өзенінің жағасында орналасқан елді мекенде тұру қауіпті және тасқынның салдарымен күресу тиімсіз деген шешімге келді. Осыған орай Заречный кентіндегі тұрғындарды басқа жерге көшіру жоспарланған. 

Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулованың айтуынша, былтырғы су тасқынына дейін Заречный кентінде 440 үй болған. Су кеткеннен кейін 189-ы тұруға жарамсыз болып, бұзып алынды. Қазіргі таңда мұнда 251 үй және 521 адам қалған. Оның 160-ы пәтер болса, қалғаны – жеке тұрғын үй. 

– Жылда су басу қаупі туады. Ал елді мекенді тасқыннан қорғау үшін бөгет салу тиімсіз. Сол себепті тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылданды. Қазір Петропавлда осы кенттің тұрғындарына арналып екі көп қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Ол пайдалануға берілісімен-ақ тұрғындар көшіріледі. Араларында пәтерден көшуге бас тартқандар болса, оларға ақшалай өтемақы беріледі. Ал мүлдем көшуден бас тартқан жағдайда сол жерде тұра береді, – дейді Әсем Айтулова.

Тұрғындар қазіргі баспанасының ауданына байланысты пәтерге ие болады. 

– Сол ауданда тұратын саяжай үйлеріне мұның қатысы жоқ. Егерде саяжай учаскесіндегі үй оның жалғыз баспанасы болса, басқалары сияқты пәтер кезегіне тұра алады. Сондай-ақ, жер учаскесін алуға өтініш қалдыруға құқылы, – дейді Әсем Айтулова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу