Петропавлдық команда алғаш рет чемпион атанды

1124

"Барыс" баскетболдан ҚР чемпионатында жеңіске жетті.

Петропавлдық команда алғаш рет чемпион атанды

2015 жылы құрылған Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы алғаш рет жоғары лига чемпионатында топ жарды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қуанышты жаңалықпен алғашқылардың бірі болып Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бөлісті. Аймақ басшысы әлеуметтік желілердегі ресми парақшасы арқылы баскетболшыларды жеңіспен құттықтады.

"Солтүстік Қазақстан облысының тарихында алғаш рет "Барыс" командасы ел чемпионы атанды. Айта кету керек, біздің клубта легионерлер жоқ. Барлығы – өзіміздің ойыншылар. Сырттан шақырылатын спортшыларсыз-ақ жеңіске жетуге әбден болады", - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Шынымен, "Барыс" толығымен Петропавл қаласы және облыс ауданы жастарынан жасақталған. Жергілікті спорт мектебі тәрбиленушілерінен құрылған команда қатарында жастар көп. Атап айтқанда, жеті ойыншы – 2001-2004 жылдары дүниеге келгендер.

Команданың бас бапкері Михаил Дедовтың айтуынша, кәсіби клуб бұл жеңіске жеті жылдық еңбектің нәтижесінде жетті.

"Команда құрамы жеті жыл аралығында қалыптасты. Оған дейінгі баскетбол командасы чемпионатта турнирлік кестені түйіндеп, соңғы орындардан ғана көрінген болатын. Кейін "Барыс" командасы жасақталып, жаңа серпін әкелді. 2016 жылы чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Ал биыл жеңістің ең жоғары тұғырынан көріндік. Бұл - бүкіл клуб мүшелерінің тынбай еткен еңбегінің жемісі", - дейді бас бапкер.

Қазақстан Чемпионатының шешуші алтыншы туры 23-25 наурыз аралығында Щучинск қаласында өткен болатын. "Барыс" 24 кездесу өткізіп, оның 21-інде қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіске жетті.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу